«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Аида Балаева: Зайырлы мемлекет – дінді жоққа шығарады деген сөз емес

Жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер қоғамда кең талқыланып жатыр. Әсіресе мемлекеттің зайырлы сипатын айқындай түсетін нормалар көптің назарын аударды. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook әлеуметтік желісінде арнайы жазба жариялап, жаңа Конституциялық түзетулердің мәні мен маңызына тоқталды, деп жазады Egemen.kz.

«Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің зайырлы сипатын бұрынғыдан да айқындай түсетін норма енгізілді. Қолданыстағы Конституцияның бірінші бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген болса, енді бұл қағидат дербес әрі ауқымды түрде нақты бекітіліп отыр», деп жазды министр.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс ең алдымен азаматтардың діни сеніміне, дәстүрі мен жеке таңдауына құрметті күшейтуге бағытталған.

«Әсіресе, айлардың сұлтаны – Рамазан айында, көптеген адам ар-ождан, адамгершілік, ішкі тәртіп пен өзара құрмет мәселелеріне айрықша мән береді. Сондықтан мұндай нормалар туралы жан-жақты салмақтап, байыппен пайымдау маңызды», дейді Аида Балаева.

Министр жаңа жобадағы 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деген қағиданың нақты жазылуын маңызды институционалдық қадам ретінде бағалады.

«Зайырлы мемлекет – дінді жоққа шығарады деген сөз емес. Бұл – жауапкершілік аясын айқындау. Мемлекеттік саясат діни нормаларға емес, заңға негізделеді. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті деп есептелмейді. Азаматтардың барлығы өз діні мен сеніміне қарамастан тең құқылы», деп атап өтті А. Балаева.

Министрдің сөзінше, алдағы уақытта діни бірлестіктердің қызметі, құқығы мен жауапкершілігін реттейтін жеке заң қабылданатыны айтылған. Конституция құндылықтық негізді белгілесе, салалық заңдар сол нормаларды жүзеге асыру тәртібін нақтылайды.

Сондай-ақ жаңа бапта діни ұйымдардың қызметі заң аясында жүзеге асатыны, ал конституциялық құрылыс, адам құқықтары мен бостандықтарын, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында белгілі бір шектеулер қойылуы мүмкін екені көрсетілген. Бұл – ар-ождан және діни сенім бостандығы мен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау деген сөз.

Аида Балаева бұл өзгерістер жобадағы 25-баппен тікелей үндес екенін де атап өтті. Онда әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар екені бекітіле отырып, осы құқықты пайдалану жалпыадамзаттық құндылықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге нұқсан келтірмеуі тиіс екені нақты жазылған.

Осылайша, жаңа Конституция жобасындағы түзетулер қолданыстағы нормаларды күшейте отырып, конфессияаралық келісімді, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Ең бастысы – әр адамның сеніміне құрмет сақтай отырып, заң алдындағы ортақ жауапкершілікті бекемдеу.

Ұқсас ақпараттар

АДАМНЫҢ ІРГЕЛІ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ– МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ

admin_mugalzhar

«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ – АУЫЛ БРЕНДІНЕ ЖОЛ АШАДЫ

admin_mugalzhar

Дәрігер кешегі тамақты жылытып жеудің зиянын атады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.