Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын мойнына алған жеті жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды әрі жүйелі өзгерістер болды. Бұл жылдар жер бетін түгел жайлаған пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық сын-тегеуріндер, геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық ахуалдың аса күрделі кезеңімен, сондай-ақ жылдар бойы жалғасқан ішкі экономикалық әрі саяси теңсіздіктерді еңсеру қажеттілігімен тұспа-тұс келді.
Күрмеуі қиын, қордаланған түйткілдерге қарамастан, Президентіміз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті.
Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақсат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.
Мұндағы нәтиженің бәрі көз алдымызда.
2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3%-ды құраса, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6,5%-ға артты.
Экономиканың құрылымы да өзгерді. Бұрын өсім негізінен сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болса, бүгінде ол Мемлекет басшысының жүйелі шешімдерінің арқасында шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныстың есебінен өсіп келеді.
Осылайша, экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары барынша үлес қосып отыр.
Жеті жыл ішінде номиналды ІЖӨ 1,7 есеге ұлғайып, 2019 жылғы 181,7 млрд доллардан 2025 жылы 305,9 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де тұрақты түрде артып, 2019 жылғы 9,8 мың доллардан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың долларға дейін жетті.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 еседен астам, яғни 2019 жылғы 11,5 трлн теңгеден 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге дейін өсті. ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға дейін ұлғайса, керісінше кен өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға дейін қысқарды.
Аталған көрсеткіштердің сыртында жаңадан бой көтерген ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұр. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары іске қосылды, Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары, Атырау облысында полипропилен өндірістері жолға қойылды, Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастаса, Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу және басқа да көптеген өндіріс орны жұмысын бастады.
Ел экономикасының дамуындағы көшбасшы салалардың бірі – бүгінде тұрақты өсім көрсетіп отырған құрылыс секторы. Тек өткен жылдың өзінде елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем екі бірдей облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұрғын үй қорынан асып түседі.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, сондай-ақ орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестіктің ішінде тұр.
World Competitiveness Ranking рейтингінің мәліметі бойынша мемлекетіміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 34-орынға ие болды. Бұл еліміздің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының нығая түскенін айғақтайды.
Экономика «бір салаға байланып қалған» бағытынан арылды деуге болады, қазіргі таңда кен өндіру секторындағы уақытша тербелістер макроэкономикалық ахуалдың тұрақтылығына пәлендей әсер етіп жатқан жоқ. Бұл дамудың анағұрлым қалыптасқан әрі теңгерімді үлгісіне бет бұрғанымызды көрсетсе керек.

