Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістерді түсіндіру мақсатында өңірлік коалиция мүшелері теміржол саласы мамандарымен кездесті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақтөбе магистралды желісі филиалының ұжымымен кездесуге «Қамқор-Ақтөбе-2024» қоғамдық қорының жетекшісі, адвокат Әбдухат Мырзалин, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушысы Жұлдыз Қожабекова және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызовалар келді.
Теміржол басқармасының кіші мәжіліс залында өткен іс-шараға филиал қызметкерлері көп жиналды. Алдымен сөз алған Әбдухат Мырзалин Конституцияның жаңа жобасын қазіргі қолданыстағы Конституциямен салыстырып, оның дайындалуында, ішкі мазмұнында айтарлықтай айырмашылықтар бар екеніне тоқталды.
— 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегені, оның үшеуі шетелдік сарапшылар болғаны және негізгі құжаттың алдымен орыс тілінде жазылғаны белгілі. Ал жаңа Конституция жобасы толығымен қазақ тілінде жазылып, халықтың кең талқылауына ұсынылып, айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді.
Конституцияның жаңа жобасында адам, оның өмірі, қауіпсіздігі, құқығы мен бостандықтары негізгі құндылық ретінде қарастырылып отыр, — деген Әбдухат Мырзалин жаңа жобадағы адамның негізгі құқығын қорғау, өлім жазасына тыйым салу, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» туралы айтып өтті.
Отыз жылдан астам уақыттан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқанын тілге тиек еткен Жеңіскүл Мұхамбетпайызова білім, ғылым, мәдениет және инновациялар секілді бағыттардың конституциялық деңгейде бекітілуі қоғам үшін үлкен жетістік екеніне тоқталды.
— Білімсіз, ғылымсыз, мәдениетсіз, инновациясыз ешқандай қоғам дами алмайды, әр елдің байлығы ең алдымен адами капиталында. Сондықтан жаңа жобадағы осы өзгерістерді ана ретінде, педагог ретінде қолдаймын.
Конституция — елдің ең маңызды құжаты, біздің бірлігімізді, мемлекеттің тұрақтылығын және азаматтардың құқығын қамтамасыз ететін негізгі заң, сондықтан референдумға белсенді қатысайық, — деді ол.
Жұлдыз Қожабекова да жаңа құжаттағы адамның құқығы мен бостандықтары, ата-ана мен бала қауіпсіздігі, отбасы мен неке құндылықтары туралы айтты.
— Жаңа Конституция еліміздің болашағына, азаматтардың құқығын қорғауға және ұлттық құндылықтар мен отбасылық дәстүрлерді сақтауға кепілдік береді, — деген спикерлер теміржол саласы қызметкерлерін 15 наурызда болатын референдумға белсенді қатысып, жауапкершілік танытуға шақырды.
М.ТАБЫН.

