«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЗАНЖАППАЙ – ҰЛТТЫҚ ДӘМ

Осы аптада Наурыз мерекесіне орай, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ерекше тағам – қазанжаппайдың дайындалуын тамашалап қайттық. Алдымен бұл тағамды жасайтын жанды іздейтінімізді әлеуметтік желі арқылы хабарладық. Сол мезетте Қандыағаш қаласының тұрғыны Гүлсім КЕНЖЕБАЕВАНЫҢ өз үйінде қазанжаппай әзірлейтінін білдік. Келісілген уақытта сол кісінің үйіне бардық.
Қаланың орталығындағы кең ауласы бар үйдің есігінен кірген сәтте жылы жүзді Гүлсім апа бізді құшақ жая қарсы алды. Жанында ұлы от жағуға көмектесіп жүр екен. Кейіпкеріміздіңәңгімесі қамырды ашытып отырған сәттен басталды.
Қазанжаппай – біздің ұлттық тағамымыз. Ертеректе тіпті жалпақ тастар да қазан жаппа нанын пісіруге қолданылған. Қамырды дұрыс ашытпай, нан да дәмді болмайды. Алдымен қамырды ашытып, жақсылап дайындау керек, — деді ұлттық тағамға деген махабатты ерекше Гүлсім апа. Әңгіме барысында кейіпкеріміз өзінің ұлттық дәстүрлерді келін болып түскеннен кейін енесінен үйренгенін де жеткізді.
Мен бұл тағамды пісіруді осы шаңыраққа келін болып түскеннен кейін енемнен үйрендім. Қазір үйдің ішінде мен де келініме соның барлығын көрсетіп, үйретіп жүрмін. Жастаркөбінемұныңбәрін біле бермейді, жастар былай тұрсын қалада тұратын үлкен кісілердің де кейде бейхабар болатынына ішің ашиды. Ал осыны көрсету, насихаттау — өте маңызды, — деді Гүлсім апа.
Әңгіме арасында қамыр да дайын болды. Гүлсім апа оны бөліп, дөңгелектеп, басып, даладағы қызып дайын тұрған қазанға алдымен тұзды су бүркіп, содан кейін қамырды жабыстырып орналастырды. Қазаннан шыққан ыстық леп бізді де жылытып, ерекше атмосфера сыйлады.
Қазанжаппай негізінен күн жылы кезінде дайындалады. Мен көбіне жазда жасаймын. Қазір ауа суық, жел болса, қазанды айналдырыптұрукерек. Қамырдыңбеті қатса, астары да піскен болады, — деп түсіндірді апа. Қазанды шоққа төңкерген сәттен бастап әр 5 минут сайын ол қазанның бетін тексеріп, қамырдың беті қыртыс боп, қызылдақтары біркелкі болғанына көз жеткізді.

Қаймақ нанға еніп, оны оңай алып, дастарқанға қоюға болады, — деген Гүлсім апа ауық-ауық қолының қаймағын ыстық қазанға жағып, нанға сіңіріп отырды. Арада жарты сағат өтер-өтпесте дайын болып, жаңа піскен, буы бұрқыраған ыстық, үстіне молынан қаймақ пен сары май жағылған қазанжаппайды апа бөліп-бөліп, қолымызға ұстатты. Біз дайындалуы мен пісірілуін өз көзімізбен көрген ыстық нанның дәмін таттық – әр тілімінде дәстүрдің, ұлттық тағам мәдениетінің дәмі сезілді.
Қазанжаппай тек дәмді ғана емес, бұл – отбасының бірлігін, қонақжайлылық паш ететін мерекелік тағам. Наурыз мерекесінде қазанжаппай дайындау – дәстүріміздің бір бөлігін үйімізге әкелгендей болады, — деді Гүлсім апа.
Сол күні біз ұлттық тағамның дайындалу процесін көріп қана қоймай, Наурыз мерекесінің рухын, қонақжайлылық пен отбасы бірлігін сезіндік. Қазанжаппай – дәстүр мен дәмнің тамаша үйлесімі, ал оны әзірлеу өнері ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің айнасы іспетті. Қазанжаппайдың дайындалуын алғаш көріп, дәмін алғаш татқан маған ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрдің тарихы сезілгендей болды…
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Артық қаржыландыруды тоқтату қажет: Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялаудағы алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды пысықтауға бір апта уақыт берді

admin_mugalzhar

ӘСКЕРИ СОТ САЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРДА ТОЙ ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.