«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбеде Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі зауытының құрылысы басталды

100 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба 250 жұмыс орнын ашып, ЕАЭО және ЕО елдеріне мыс өнімдерін экспорттайды.

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағында Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасының іргетасын қалау рәсімі өтіп, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді.

Ауқымды өнеркәсіптік жоба Ақтөбе облысы әкімдігі және KAZAKH INVEST қолдауымен, Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group инвестициясы және Phoenix Industrial Group серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.

Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, Сұлтанғали Кенжеқұлов, Го Юй, Фэнг Сонг, Ли Хаодие, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бұл оқиға Ақтөбе облысы үшін ғана емес, тұтас ел үшін де маңызды кезең саналады. Қазақстан тау-кен металлургиясы саласында толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Жылына 25 000 тонна тазартылған мыс катанкасын өндіруге арналған жаңа зауыт еліміздің өңірлерінде жиналған мыс сынығын терең өңдеумен айналысады және Ақтөбені мыс өнеркәсібінің өңірлік хабына айналдыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өз сөзінде жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында құрылған жалпы көлемі 858 гектар болатын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі.

Сонымен қатар бұл жоба – Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында жүргізілген келіссөздердің нақты нәтижесі және арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын алғашқы зауыт. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім мен тиімді экономикалық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі ретінде бағалануда.

KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, бүгінгі күні қытайлық тараптан салынған инвестициялардың жалпы көлемі 25 млрд долларды құрайды. Елімізде шамамен 250 инвестициялық жоба әртүрлі кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Орталық Азияға келетін қытайлық инвестициялардың 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Өндірілетін негізгі өнімдер – мыс катанкасы мен кабельдік бұйымдар. Дайын өнім ішкі нарыққа да, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропа Одағы елдерінің нарықтарына да экспортталатын болады.

Жоба мемлекеттің индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру саясатына толық сәйкес келеді. Шикізат ретінде мыс сынығын пайдалану «жасыл» металлургия қағидаттарына сай келіп, өндірістің көміртек ізін азайтуға ықпал етеді.

«Ақтөбе» АЭА аумағында орналасу инвесторға жеңілдетілген салықтық және кедендік режимдермен қатар, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымға қолжетімділік береді.

Жобаны іске асыру өндірісті локализациялау деңгейін арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуге, өңірге қосымша шетелдік инвестициялар тартуға және жоғары қосылған құны бар жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда сот қызметкері күні тойланады

admin_mugalzhar

Жауапкершілік жүктейтін сындарлы сәт

admin_mugalzhar

Халықаралық байқаушы: «Қазақстанда референдум ашық әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр»

admin_mugalzhar