Қазіргі таңда елімізде жастар саясатын дамытуға, білімді де білікті жас буынды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған тың бастамалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс негізінде үздік көрсеткішпен тәмамдаған түлектерді GPA нәтижесі негізінде конкурссыз мемлекеттік қызметке тағайындау мүмкіндігі.
Бұл – мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген үлкен сенім мен қолдаудың айқын көрінісі. Аталған бастама – тек кадр тапшылығын жоюдың құралы ғана емес, сонымен қатар білімге ұмтылған, өз ісіне жауапты, бәсекеге қабілетті жастарды ынталандырудың тиімді тетігі. Бұл өз кезегінде студенттер арасында сапалы білім алуға деген қызығушылықты арттырып, оқу үлгеріміне ерекше мән беруге жол ашты. Мен де осы игі бастаманың игілігін көрген жас мамандардың бірімін. 2025 жылы Ақтөбе өңірлік Қ.Жұбанов атындағы университеттің филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, оқуымды 3,81 GPA көрсеткішімен, үздік дипломмен аяқтадым. Университет қабырғасында алған білімім тек педагогикалық бағытпен шектелмей, кең ауқымды ойлау қабілетін,тілдік сауаттылықты, аналитикалық және коммуникативтік дағдларды қалыптастырды.
Сол жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің келісімімен туған өлкем – Мұғалжар ауданы әкімдігіне конкурссыз негізде мемлекеттік қызметке қабылдандым. Бұл – мен үшін зор жауапкершілік пен үлкен сенім. Жас маман ретінде мемлекет сенімін ақтау, ел игілігі үшін адал еңбек ету – басты мақсатым. Жалпы, GPA арқылы конкурссыз тағайындау бастамасы – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бұл бастама талай жасқа жаңа жол ашып, олардың туған жеріне қызмет етуіне, ел дамуына өз үлесін қосуына жағдай жасап отыр. Мұндай қолдау – жастардың мемлекетке деген сенімін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына да оң әсер етеді.
Қорытындылай келе, білім мен еңбекті бағалайтын мұндай әділ жүйе – болашақтың кепілі. Әрбір жас осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз әлеуетін ел игілігіне жұмсайды деп сенемін. Ал бізге жүктелген міндет – сол сенімді ақтау.
А.ТҮНҒАТАРОВА, Мұғалжар аудандық әкімі аппаратының бас маманы.

