№7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ИМАНГАЗИНА ӘЛИЯ ДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Өзін-өзі ұсынушы
ӨМІРБАЯН
Мен, Имангазина Әлия Дәулетқызы, 1984 жылғы 27 мамырда Мұғалжар ауданы Елек ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Отбасылымын, екі балам бар. Қазіргі уақытта Қандыағаш қаласында тұрамын.
2020 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2014 жылы Мұғалжар аудандық орталықтандырылған кітапханасында кітапханашы қызметінен бастадым. Содан бері аталған мекемеде үздіксіз еңбек етіп келемін. Қызмет барысында оқырмандарға кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетіп, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, жас ұрпақтың білімге және рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға үлес қосып келемін.
Өз мамандығымды жақсы көретін, жауапкершілікті басты орынға қоятын жан ретінде кәсіби білімім мен тәжірибемді үнемі жетілдіруге мән беремін.
Өмірлік ұстанымым – адал еңбек ету, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, қоғамға пайдамды тигізу және ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Мен үшін туған жердің дамуына үлес қосу, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысу және қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтау – маңызды міндеттердің бірі.
Көп жылдан бері кітапхана саласында еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде кітаптың адам өміріндегі орнын, білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы маңызын терең түсіндім. Кітапхана – тек кітап оқитын орын емес, ол – ұрпақ тәрбиелейтін, білім мен мәдениетті тоғыстыратын рухани орталық.
Қазіргі қоғамда білімді, тәрбиелі, ойы озық ұрпақ қалыптастырумен қатар, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта жасау да маңызды. Әсіресе, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени іс-шараларды көбейту, қала тазалығы мен абаттандыру мәселелері әрдайым назарда болуы керек.
Мен өз сайлауалды бағдарламамда осы бағыттарға басымдық беріп, Қандыағаш қаласының дамуына қатысты тұрғындардың ұсыныс-тілектерін қолдауды мақсат етемін.
ТҰРҒЫН ҮЙ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау бағдарламалары туралы ақпараттандыруға;
Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй мәселелерін көтеруге;
Көпқабатты үйлердің шатырын, жертөлесін және кіреберістерін жөндеу мәселесіне назар аударуға;
Тұрғын үй-коммуналдық қызмет сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
ҚАНДЫАҒАШ – ҚАУІПСІЗ ҚАЛА
Қоғамдық орындар мен тұрғын үйлер аулаларындағы қауіпсіздікті күшейтуге;
Қараңғы көшелерге жарық шамдарын орнату мәселесін көтеруге:
Мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етуге;
Қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелерін жетілдіруді ұсынуға;
ТИІМДІ КӨЛІК – ҚОЛАЙЛЫ ҚАТЫНАС
Қала ішіндегі қоғамдық көлік қозғалысының кестесін жетілдіру мәселесін көтеруге;
Аялдамалардың жағдайын жақсарту және қажетті жерлерге жаңа аялдамалар орнату жөнінде ұсыныстар енгізуге;
Қоғамдық көліктің әлеуметтік осал топтарға қолжетімділігін арттыруға;
Қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру мәселесін назарда ұстауға;
ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК – БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ
Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар туралы ақпараттандыруға;
Жас мамандарға кәсіби бағдар беру кездесулерін ұйымдастыруды қолдауға;
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобаларды насихаттауға;
Жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталықтар мен үйірмелердің жұмысын жандандыруға;
ӘР ОТБАСЫҒА ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРМЫС
Бірінші кезектегі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтау мәселесін көтеруге;
Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін тұрақты өткізуді қолдауға;
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін бақылау жұмыстарына атсалысуға;
Аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік көмек түрлерін кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
РУХАНИЯТ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ
Кітап оқу мәдениетін дамыту және жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыруға;
Ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға;
Қала тұрғындарына арналған әдеби-мәдени кездесулер мен танымдық кештерді көбейтуге
ЫҚПАЛ ЕТЕМІН!
ҚҰРМЕТТІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ!
Қаламыздың көркеюі мен тұрғындардың әл-ауқаты артуы – баршамызға ортақ міндет. Бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын болса, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін.
Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін үлкен жауапкершілік.

