«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАЛА ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ САЛАСЫНДА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА?

Бүгінде аудан бойынша 52 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 32 бөбекжай-балабақша, соның 13-і жеке меншік болса, 20 мектеп жанындағы жарты күндік шағын орталық бар. 2026-2027 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда 3449 бала тәрбиеленуде. Оның 3022-сі балабақшада, 427-сі шағын орталықта қамтылған. Сонымен қатар мектептердің мектепалды даярлық сыныптарында 1007 бала тәрбиеленуде. Аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші 93 пайызды құрайды. Ал 0-1-2 жастағы 254 бала әзірге мектепке дейінгі ұйыммен қамтылмаған, олар балабақша кезегінде тұр. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлбаршын Нұрмағанбетованың айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие саласында басты назар баланың сапалы тәрбие алуына қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған. «Мектепке дейінгі кезең – баланың тұлғалық қалыптасуының маңызды баспалдағы. Сондықтан бұл салада баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне, оның танымдық, тілдік және әлеуметтік дағдыларының дамуына жағдай жасауға басымдық береміз. Қазіргі таңда ауданда мектепке дейінгі ұйымдар желісі тұрақты жұмыс істеп келеді», – дейді ол.

БАЛАБАҚШАЛАРДА ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Мамандардың айтуынша, аудандағы мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесі бүгінде өзекті емес. Керісінше, бөбекжай-балабақшалар мен шағын орталықтарда 500 бос орын бар. Мәселен, Қандыағаш қаласындағы «Самал» бөбекжай-балабақшасы 320 орынға арналған. Қазіргі таңда онда 240 бала тәрбиеленуде, 80 бос орын бар. Ал 210 орындық «Алдияр ССА» балабақшасында 100 бала тәрбиеленуде, яғни 110 бос орын бар. Мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындарға қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

– Қазіргі таңда ауданда балабақша орындарының тапшылығы байқалмайды, бірқатар мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар бар. Сондықтан атааналар баласын бос орын болған жағдайда жыл бойы балабақшаға орналастыра алады. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда, – дейді Гүлбаршын Нұрмағанбетова.

МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗА ЖАҢАРТЫЛУДА

Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие сапасына әсер ететін маңызды фактордың бірі – материалдық-техникалық база. Бұл бағытта да ауданда бірқатар жұмыстар атқарылған. Солардың бірі – Қандыағаш қаласындағы «Күншуақ» бөбекжайының ғимаратын күрделі жөндеу. 2023 жылы нысанды жөндеуге 310 млн 248,324 мың теңге бөлінген. Мердігер – «Алихан Ойл» ЖШС-і. Келісімшарт сомасы 294 млн 63,7 мың теңгені құрайды. 2023 жылы 139 млн 463,9 мың теңге, 2024 жылы 154 млн 599,9 мың теңге қарастырылған. Жылыту жүйесі, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі жөнделіп, электр желілері ауыстырылған. Ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары да жүргізілген. Сонымен қатар сыртқы жұмыстар – металлосайдинг, өрт дабылы, соқыр аймақ пен қоршау жұмыстары аяқталған. 2024 жылы «Күншуақ» бөбекжайындағы су тасқыны салдарын жоюға 62 млн 600 мың теңге қаражат бөлініп, шатырды жөндеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Асфальт төсеу, төсеніштерді реттеу және нөсер жүйесін жасау жұмыстары толық аяқталған. Ал аудан орталығындағы «Жансая» балабақшасының материалдық базасы 2026 жылы «Қазақ Ойл» ЖШС-нің демеушілігімен толықтырылған. Балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, шкафтар, инклюзивті кабинеттің жиһаздары, ас үйге қажетті жабдықтар, компьютер, ноутбук, түрлі-түсті принтер, балалар ойын алаңы, құмсалғыш, музыкалық аппаратура, фортепиано және басқа да қажетті заттар сатып алынған. Сатып алынған негізгі бұйымдар мен жабдықтардың жалпы сомасы 35 млн 117 мың 403 теңгені құрайды. Жабдықтар 2026 жылғы 15 маусымда конкурс арқылы сатып алынып, қолданысқа берілген. 2025 жылы «Жансая» бөбекжай бақшасының ғимаратына күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіл-ген.

– Балабақшадағы орта баланың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан ғимараттардың жағдайын жақсарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, балаларға арналған ойын және оқу ортасын қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта жөндеу жұмыстары да, демеушілердің қолдауымен материалдық базаны толықтыру жұмыстары да жүргізіліп келеді, – дейді әдіскер.

350 ПЕДАГОГ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 350 педагог еңбек етеді. Оның ішінде 162 педагог, 121 педагог-модератор, 52 педагог-сарапшы және 15 педагог-зерттеуші бар. Педагогтердің 202-сі жоғары білімді болса, 148-інің арнаулы орта білімі бар. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибесін жетілдіру бағытында да тұрақты жұмыстардың жүргізіліп жатқанына тоқталды әдіскер. Тәрбиеші үшін баланың әрбір жетістігі кәсіби еңбегінің нәтижесі болса, педагогтің ізденісі түрлі байқауларда да бағаланып келеді. Жыл бойы Балаларды ерте дамыту институтының жоспары негізінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейде кәсіби 12 байқау өткізілген. Оның ішінде екі республикалық деңгейдегі нәтиже бар. «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауының облыстық кезеңінде «Бас жүлде», республикалық кезеңінде «Креативті әдіскер» номинациясын «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының әдіскері Жайна Жариева жеңіп алған. Ал «Мен зерттеушімін» байқауында Ембі қаласындағы «Достық» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Мұхтасар Жанеркенің зерттеу жұмысы жоғары бағаланып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен бірге 10 облыстық байқау кезеңіне қатыстырылған жұмыстардың төртеуі ІІ-ІІІ дәрежелі дипломдар мен түрлі номинацияларға ие болған.

– Педагогтердің кәсіби байқауларға қатысып, өз тәжірибесін көрсетуі – олардың ізденісінің нәтижесі. Мұндай жетістіктер өзге мамандарға да тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді меңгеруге ынталандырады. Әсіресе тәрбиешілердің балалардың бойындағы қабілетті ерте байқап, оны дамытуға үлес қосуы маңызды, – дейді Гүлбаршын Қуанқызы.

ТӘРБИЕШІЛЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Тәрбиешілердің еңбек жағдайын жақсарту мен әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 2023-2024, 2024-2025 және 2025-2026 оқу жылдарында Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан педагогтерге әріптестік қолдау көрсетіліп отырған.

— Ауылдық жерде тұратын педагог қызметкерлерге қатты отын алу үшін бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жылдық жәрдемақы беріледі. Байқауға қатысушыларға бағалы сыйлықтар ұсынылады. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың кіші қызметкерлері мен педагогтеріне шипажай және туристік бағыттағы жолдамалар беріліп келеді, — деді Гүлбаршын Нұрмағамбетова. Осы кезеңде барлығы 119 шипажай және 14 тур жолдамасы берілген. – Педагогтің еңбегін бағалау тек марапатпен шектелмеуі керек. Оның әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінуі маңызды. Осы тұрғыдан кәсіподақ тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары қызметкерлерді ынталандыруға мүмкіндік береді, – дейді әдіскер.

КӘСІБИ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – САПА КЕПІЛІ

Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін ауданда тәжірибе алмасуға да кең мүмкіндік жасалған. 2025-2026 оқу жылында аудан бойынша 41 аудандық, 4 облыстық, 2 республикалық деңгейде семинар-практикумдар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған. Оларда 188 педагог өз іс-тәжірибесімен бөліскен. Аталған іс-шараларға ауданның 54 мектепке дейінгі ұйымы мен 37 мектептегі мектепалды даярлық сыныптарының педагогтері толық қамтылған. Сонымен қатар 25 педагог өз іс-тәжірибесін қамтитын әдістемелік құрал шығарған. Оның 19-ы облыс көлемінде үш ауданға таратылған.

– Тәрбиешілердің бір-бірімен тәжірибе алмасуы өте маңызды. Себебі әр педагогтің өзіндік жұмыс тәсілі, тиімді әдісі бар. Сол тәжірибені ортаға салу арқылы мамандар бір-бірінен үйренеді. Сондықтан семинарлар, практикумдар мен дөңгелек үстелдер өткізуге, озық тәжірибені таратуға басымдық береміз, – дейді Гүлбаршын Нұрмағанбетова.

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ АТА-АНАМЕН БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС МАҢЫЗДЫ

Баланың тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда атааналармен жүйелі байланыс орнатуға басымдық беріледі. Ата-аналармен тәрбие жұмыстары жиналыстар, жеке кеңес беру, ақпараттық түсіндіру және бірлескен іс-шаралар арқылы жүргізіледі. Балаларды мектепке дайындау бағытында олардың танымдық, тілдік және әлеуметтік дағдыларын дамытуға, дербестігін қалыптастыруға, оқу әрекетіне қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінеді. Баланың мектеп ортасына психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалып, ата-аналарға тиісті ұсынымдар беріледі. Аудан бойынша аталған 52 мектепке дейінгі ұйымда ата-аналарға кеңес беру пункттері жұмыс істейді. Сонымен бірге тәрбие бағытында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» секілді жобалар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Бала тәрбиесі – тек балабақшаның немесе тек ата-ананың міндеті емес. Екі тараптың өзара түсіністігі мен бірлескен жұмысы болғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан ата-аналармен байланысты нығайтуға ерекше мән береміз. Баланың балабақшадағы жетістігі мен қиындықтарын ата-анамен бірге талқылап, қажетті жағдайда кеңес беріп отыру – тәрбиешінің жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері.

КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Бүгінде ауданда тәрбиеші мамандығына сұраныс тұрақты. Мектепке дейінгі ұйымдарда кадр тапшылығы кездесетін ұйымдар жоқ. Бұл саладағы мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Тәрбиешінің еңбегі кәсіби қызмет барысында түрлі деңгейдегі марапаттармен де бағаланады. Педагогтер еңбегіне орай аудандық, облыстық және республикалық деңгейде «Алғыс хат», «Құрмет грамотасы», ордендер мен медальдармен марапатталады.

– Тәрбиешінің еңбегі – күн сайын көзге көріне бермейтін, бірақ нәтижесі баланың бойынан байқалатын үлкен еңбек. Бүгін балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршін – ертең мектеп оқушысы, одан кейін қоғамның белсенді мүшесі болады. Сондықтан әр педагогтің балаға берген тәрбиесі мен білімі болашаққа қосылған үлес деп білеміз, – дейді Гүлбаршын Қуанқызы.

Мұғалжар ауданындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты – балаға қолайлы орта қалыптастырып, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік беру. Балабақшадағы әрбір тәрбиеші бүлдіршіннің алғашқы ұстазы ретінде оның үлкен өмірге жасаған қадамына бағыт береді. Балаға мейірім сыйлап, білім нәрін сеуіп, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп жүрген тәрбиешілердің еңбегі – ел ертеңіне салынған инвестиция. Ал олардың кәсіби шеберлігін арттыру, еңбегін бағалау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау – сапалы ұрпақ тәрбиесінің маңызды тетігі.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан картасында жаңа үш облыс пайда болды

admin_mugalzhar

БАСПАХАНАДА ӨТКЕН БІР ҒҰМЫР

admin_mugalzhar

42500 теңгелік төлем қателесіп аударылса қалай қайтару керек?

admin_mugalzhar