Мұғалжар және Ембі аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері аудан әкімі А.Шериязданов пен медицина саласының қызметкерлері алдында жылдық есептерін берді, деп хабарлайды «Мұғалжар» газеті.
Емхана, стационар, 5 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік акушерлік және 14 медициналық пункт қарасты Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері М.Кенжебаев тұрғындар арасындағы скринингтік тексерістердің жоғары деңгейде өткізілгенін, нәресте өлімінің азайғанын, бүгінде ДамуМед мобильді қосымшасын қолдану бойынша тұрғындардың белсенділігі артқанын айтып, өткен жылы 2 дәрігердің жұмысқа қабылданғанын тілге тиек етті.
Бас дәрігердің айтуынша, 2019 жылы аудандық ауруханаға жаңа туылған нәрестелерге арналған инкубатор аппараты, компьютерлік томография, эксперт классты УЗИ мен өкпені жасанды тыныс алдыру аппараты алынып, іске қосылған.
Ал аурухананы қажетті дәрігерлермен толықтай қамтамасыз ету, перзентхана бөлімін 2-деңгейге сәйкестендіріп, хирургия, травмотология бөлімдерін екінші деңгейге көтеру, гемодиализ орталығын ашу, Ақкемер және Қаракөл ауылдарына дәрігерлік амбулатория салу, жоғары технологиялық көмек көрсету үшін ангиограф аппаратын орнату мәселелері — биылғы жылдың еншісіне қаралып, жоспарланған.
Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Е.Бұхарбаев өз есебінде өткен жылы ауруханаға видеоэндоскопиялық құрылғы, кислородтық концентрат аппараты, қосымша реанимациялық монитор, телекардиогроф алынғанын айтты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аурухананың 2 хирург, терапевт, акушер-гинекологпен толыққанын жеткізді. Жоспарларға тоқталып, «аурухананың ғимаратын қоршауға жобалық-сметалық құжаты жасалып, биылғы жылға жоспарланып отыр» деді.
Медицина саласы бойынша жүргізілген жұмыстар туралы тыңдап, кей мәселелерге баса назар аударған аудан басшысы есеп соңында дәрігерлердің қойған сұрақтарына тоқталды. Оның ішінде аудан дәрігерлері ұзақ жылдар бойы ауданның медицина саласына еңбегін сіңіріп, істерімен үлгі болған Ғалия Сақтағанова мен Аманбай Абиловке Қандыағаш және Ембі қалаларынан көше беру мүмкіндігі қарастырылса деген өтініштері мен ауруханаларды қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуге мұрындық болуды сұрады.
«Мұғалжар-ақпарат»