«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖЫЛЫЖАЙ 5 ТОННА ҚИЯР БЕРЕДІ

БҮГІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДА ІРІЛІҰСАҚТЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІН ТҰРҒЫЗЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚТЫ ТАБИҒИ ТАЗА ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРҒАН БАҒБАНДАР САНЫ КҮН САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ БІРІ — ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН «ТӨЛЕГЕНОВ» ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІГІНІҢ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ.

2015 жылдан бері қияр дақылын өсірумен айналысатын жылыжайдың аумағы 500 шаршы метр жерді құрайды. Жаңбырдың жаууы мен күннің қызғанын күтетін егіндік алқабына қарағанда, жылыжайда өсетін көкөністер көп күтімді қажет етеді. Дегенмен оның өнімділігі де көбірек. Күнделікті топырағын қопсытып, ішінде температураны тұрақты ұстаса болғаны. Мысалы, «Төлегенов» ЖК-нің өндірістік базасының басқарушысы Арман Мамбетжановтың айтуынша, тамыры тамшыдан нәр алатын көкөніс аптасына 250 келіге дейін өнім беруге қауқарлы көрінеді. Қысы-жазы бір қалыпты жылуды сақтап тұратын жылыжайда кең тараған қиярдың голландық тұқымы егіледі. Шығымдылығы — өте жоғары. Тұқым себілгеннен кейін 45 күнде алғашқы өнімін береді екен. Жабық кешен тамшылатып суару әдісімен автоматтандырылған жүйеге қосылған. Табиғи, таза тыңайтқыштар қолданылып, өсіріледі. Шатыры жылу өткізгіш поликорбанатпен қапталған. Жер бетінен төмен орналасқан жылыжай кешенінің қабырғаларына жылыту құбырлары жиі жүргізіліпті. Әр екі метр сайын орнатылған электр шамдары жылыжай ішіне күндізгідей жарық беріп тұр. — Біз пайдаланатын топырақ кәдімгі өзіміздің жердің қара топырағы. Топырақты екі жыл сайын алмастырып отырамыз. Еденге жылыту жүйесін жүргізбедік. Себебі жылыжайды бір метр тереңдікке қазып, тұрғыздық. Сондықтан жер қысты күні өз жылуын сақтап, жақсы өнім алуға мол мүмкіндік береді, — деп өз құпиясымен бөлісті Арман Мамбетжанов. Ол бұрын-соңды бау-бақша баптамаса да, қазір қияр өсірудің қыр-сырын меңгеріп алған. Алғашында кәсіби білімінің жоқтығының кесірінен көптеген қиындықтармен кезіккенін де айтып қалды. — Жалпы Ақтөбе өңірінде жылыжайдың мән-жайын үйрететін ешқандай оқу орны немесе арнайы курстар жоқ. Сондықтан білмегенімізді ғаламторды шарлап, интернеттен үйрендік десек болады. Алғашында жылыжай ішіне қызанақ, аскөк, құлпынай секілді түрлі өнімдердің тұқымын салған болатынбыз. Бірақ өнімділігі аз болды. Сөйтсек, қияр мен қызанақты бір кешеннің ішіне отырғызуға болмайтынын және өнімді дұрыс бермейтінін білдік. Ал еккен құлпынайларымызды өткізу қиын болды. Себебі жергілікті халық қымбат өнім сатып алуға әлі дайын емес екен. Оны сақтау мүмкін болмады. Сондықтан құлпынай егуді тоқтатып қойдық, — дейді ол. Қара күзде отырғызылған көшеттер бүгінде жемісін беріп жатыр. Желтоқсан айының басында сатылымға шығады деп күтілуде. Көкөністер қаладағы көкөніс сататын саудагерлер мен сауда орындарына жіберіледі. — Бүгінгі таңда жылыжай кешендеріне арналған «Миренга» сұрыпты қиярын өсірудеміз. Ол жылына екі рет өнім береді. Өткен жылдың соңындағы бір науқанда өзіміз күткендей өнім алдық. Биыл да осы межеден шығамыз деп күтудеміз. Бүгінде жылыжай кешенінде қиярдың өніп-өсуі мен оны баптауға және өнімді жинауға жауапты 2 адам жұмыс жасайды. Базарда қытайдан әкелінген қиярдың бағасы 500 теңге тұратын болса, ал біздің жылыжайда егілген қияр 600 теңге тұрады. Себебі біз ешқандай химиялық қоспасыз, табиғи тыңайтқыштармен өсіреміз. Сондықтан өнімнің өзіндік құны өседі, — дейді Арман Алманиязұлы. Бастысы — жылыжайда өсіріліп жатқан қиярларға қандыағаштықтардың сұранысы жоғары көрінеді. Себебі жеке кәсіпкерліктің қиярлары жетпей қалып, саудагерлердің реніш білдіріп жататын кездері аз болмайды екен. Жоба жетекшілері алдағы уақытта тағы да осындай жылыжай кешенін іске қосып, егілетін көкөніс түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЕМБІЛІК АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ МЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

admin_mugalzhar

В ЭМБЕ РЕКОНСТРУИРУЮТ БИООЧИСТНЫЕ СООРУЖЕНИЯ

admin_mugalzhar

АҚКЕМЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.