«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТҚАН ТАҒЫЛЫМ

Азат ел екенімізді айқындайтын Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толады. Осы кезең аралығында еліміз талай түрлі қиындықты бастан кешіріп, биік белестерден өтті. Тағылымы терең тарих қалыптасып, жүйелі дамудың үдерісінен шыға білді. Тұғыры биік тәуелсіздігімізді ұлықтау мақсатында еліміз егемендігін алғаннан кейін елдің, ауданның дамуы жолында өз үлесін қосып, елеулі еңбек еткен, сол кезеңдегі ауданның тыныс-тіршілігіне куә болған жандармен «Мұғалжар» газетінің инстапарақшасында тікелей эфирде өтетін «Тәуелсіздік куәгерлері» атты жаңа айдар оқырманға жол тартқан еді. Айдарымыздың алғашқы қонағы, ауданның мәдениет саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен, мұғалжарлықтарға есімі белгілі, ҚР екі мәрте мәдениет қайраткері, ауданның «Жыл адамы» — Әбілхан Алдабергенмен сұхбатымыз тәуелсіздік жылдардағы ауданның мәдениет саласының дамуы мен тыныс-тіршілігі жөнінде өрбіді.

Біздің дерек АЛДАБЕРГЕН Әбілхан Ермағамбетұлы 1951 жылы Ембі өңірінде дүниеге келген. 1979 жылы Шымкент қаласындағы ӘлФараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын бітірген. Еңбек жолын 1969 жылы Мұғаджар аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы болып бастап, 1976- 1986 жылдары Ембі теміржолшылар Мәдениет үйінің директоры, 1986 жылдан бастап 2016 жылы зейнетке шыққанша Мұғалжар аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 1982 жылы «Өнер саласындағы жетістіктері үшін» ВЦСПС белгісімен, 2001, 2006 жылдары екі мәрте «ҚР Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне — 20 жыл» медалімен марапатталған. А

«Mugalzhar_gazeti»: Сіздің ауданның мәдениет саласын дамытудағы еңбегіңізді мұғалжарлықтар жақсы біледі. Сіз ел өз тәуелсіздігін алған жылдары басшылық қызметте болып, сол уақыттың куәгеріне айналдыңыз. Тәуелсіздік жылдарындағы ауданның тыныс-тіршілігі туралы естелігіңізбен бөліссеңіз?

— Еліміз тәуелсіздігін алғанда баршамыз бөркімізді аспанға атып, қуандық. Осы күнді халқымыз жылдар бойы армандап келді. Бұл күн қазақ елі үшін тарихи күн болып қала бермек. Дегенмен тәуелсіздік алған жылдары аудан халқының жағдайы «жақсы болды» деп айта алмаймын. Еліміздің тұралауы тек қана мәдениет саласы емес, барлық саланың дамуына кері әсерін тигізді. Аудандағы көптеген мәдени орталықтар жабылып, бос қалды деуге болады. Алайда бұл кезеңдерде қызмет атқарған барлық жан қарап отыруға болмайтынын, тәуелсіз елді түлету үшін аянбай еңбек ету керектігін түсініп, жұмыс жасады.

Оқырман: 1997 жылы екі ауданның қосылып, жаңа «Мұғалжар» ауданының қалыптасуы кезеңдері туралы не айтар едіңіз?

— Иә, бұл жылдар бұрынғы Октябрь және Мұғаджар аудандарының бірігіп, нағыз қиын болған кездер еді. Жаңадан құрылған ауданның әкімі болып П.Хохлов тағайындалды. Осы жылы еліміздегі нарықтық қиыншылыққа байланысты ол кездегі Премьер-министр Ә.Қажыгелдиннің саясаты бойынша мәдениет ошақтары, әсіресе, кітапханалар жаппай жабылып жатты. Менің тікелей араласуыммен екі ауданды қосқанда мәдени ошақтардың 13-і ғана қысқартудан аман қалған еді. Тағы бір айта кететін нәрсе, осы жыл «Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып бекітіліп, аудан көліміндегі өткізген мәдени шаралардың барлығы осы бағытта болды.

Оқырман: Сол жылдары өзіңізбен қатар еңбек еткен замандастарыңыздан кімдерді атап өтер едіңіз?

— Ол кездері ауданның мәдениет саласында көптеген адамдар жұмыс жасады. Олар мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек етті. Атап айтар болсам, марқұм күйші Жаңаберген Әлбетов, ұзақ жылдар Мәдениет үйін басқарған Гүлзира Абилова, кітапхана саласында еңбек еткен Әлия Ниязбекова, Ғалияш Жанесова, аудандық театрды басқарған Айнагүл Мусина, композитор Нұрланбек Бүркітов, би топтарының жетекшілері Света Сейлова мен Ляззат Тасмағамбетова, т.б. Аты аталған жандардың барлығы өнер десе, ішкен асын жерге қоятын мәдениет саласының майталмандары деп айтуға болады. Олар ауданда қандай мәдени шара болмасын басы-қасында жүріп, ұйымдастырды. Ал көркемөнерпаздар әнжыры арқылы аудан тұрғындарының жүрегінен орын алды.

«Mugalzhar_gazeti»: Аудан мәдениетінің дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі туралы «Мұғалжар мәдениетінің майталмандары» атты жинақ кітабыңыз жарық көріпті. Кітаптың дүниеге келуіне не түрткі болды?

— Жалпы мәдениет саласында жұмыс жасайтындардың өмірі қызылды-жасылды, көркем болып көрінеді. Алайда сол жарқыраған бейнелердің артында тынымсыз еңбек, темірдей шыдам, қиындық пен жанталастың жатқанын көбі біле бермейді. Бұл кітапқа қиын кезеңдерде басқа саланы таңдап кетпей, ауырлығы мен қиындығына шыдай білгендер енді. Мұғалжар ауданы облыста ұйымдастырылған шараларға белсенді қатысып қана қоймай, мәдени шаралар мен байқаулардан жүлделі орындарға ие болды. Мен осы кітабым арқылы ауданның мәдениет саласында қызмет жасаған адамдардың еңбегін көрсеткім келді.

Оқырман: Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары заманның қиын болғаны баршамызға белгілі. Осы жылдар мәдениет саласына, яғни руханиятқа қалай әсер етті?

— Бұрынғы Октябрь ауданында 29 кітапхана, 19 мәдениет үйі, клубтар, автоклубтар болды. Аудандық партия комитетінің нұсқауымен аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылған үгіт-насихат бригадалары құрылып, ауылдық жерлерді аралап, концерт ұйымдастыратын. Әңгіме басында айтып өткендей, тоқырау кезеңдерінде мәдени ошақтардың жаппай жабылуы руханиятымызға кері әсерін тигізді. Осы қиын кезеңдерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еңсеріп шықтық десек болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттің қабылданған түрлі бағдарламаларының нәтижесінде ескіміз жаңғырып, ұмыт болған дәстүрлеріміз қазағымызға қайта оралды. 90-шы жылдардың аяғында ауданда бар болғаны 13 қана мәдени мекеме қалса, бүгінде олардың саны 40-қа жетті. 2001 жылы облыстық көркемөнерпаздардың аудан күндерінің ашылуы алғаш рет Мұғалжар ауданында өткен болатын. Ол біз үшін үлкен мәртебе болды.

«Mugalzhar_gazeti»: Тоқырау кезеңінде аудан аумағындағы Мәдениет үйлері мен кітапхана жүйелерін қалпына келтіру қаншалықты қиын болды? Қайта қалыптасу кезінде қандай тәуекелдерге бардыңыздар?

–Бүгінгі таңдағы аудан орталығындағы аудандық Мәдениет үйі теміржол мекемелеріне тиесілі болған. Осы мәдени ошақты аудандық мәдениет бөлімінің балансына алу үшін облысқа бірнеше мәрте ұсыныс беріп, көптеген есіктерді қағып, көп еңбектендім. Нәтижесінде ғимаратты өзімізге алдық. Сондай-ақ, бүгінде аудандық орталық кітапхана отырған ғимаратты да бар беделімізді салып жүріп алған болатынбыз. Кітапханадағы 3000-нан астап кітапты сол кездегі қызметкерлер қолымен тасып кіргізіп, кітапхана жүйесін жандандырған еді.

Оқырман: Жалпы тәуелсіздіктіңелмәдениетінебергенмүмкіндігі қандайболды деп ойлайсыз? Арада 30 жыл өтті… Кеңестің құрсауынан шығып, егемендігін ту еткен елдің ұмытылып кеткен немесе ұмытылу қаупі төнген салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы жұмыстар қалай жүрді?

— Қазақ елі біраз уақыт Кеңес үкіметінің құрамында болып, салтдәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың жойыла жаздағанын жоққа шығара алмаймын. Себебі ол кездің саясаты солай болған еді. Алайда біздің мәдениет саласының қызметкерлері Кеңес үкіметіне бағынышты болсақ та, салт-дәстүрімізді ұмытпау мақсатында жыл сайын түрлі ұлттық бағытқа негізделген мәдени шаралар ұйымдастырып тұрдық. Ал тәуелсіздік алған жылдардан кейін мемлекет тарапынан ұлттық құндылығымызды, діліміз бен дінімізді жаңғыртуға негізделген түрлі бағдарламалар дайындалды. Бағдарламалар аясынды көптеген шаралар жүзеге асырылды. «Mugalzhar_gazeti»: Қазақылығымыздың иісі аңқыған ұлттық мерекеміз — Наурызды тойлауға мүмкіндік туған кезеңдерде халық Наурыз тойын қалай тойлады?

— Ол күнді барша қазақ зор қуанышпен қарсы алды. Ол кез тарихтың бір бөлшегі деп айтар едім. 80-ші жылдардың аяғынан бастап наурызды ашық түрде тойлай бастадық. Бірақ жаппай тойлау егемендік алғаннан кейін басталды. Жоғарыда айтып өткендей, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары наурыз тойлау қиынға соқты. Бірақ біз бұған мойымадық. Жоқтан баржасап, сахнаны қолда бар заттармен безендірдік. Музыкалық аппараттар жоқ еді. Біздің көркемөнерпаздардың еңбегінің арқасында барлығы жоғары деңгейде өткен болатын.

Оқырман: Сіз 40 жылбойы мереке атаулының жақсы деңгейде өтуіне атсалысып келген жансыз. Ал сіздің өз отбасыңызда мерекелер қалай тойланатын еді?

— Ауданның мәдениет бөлімін басқарған 40 жылдан астам уақыт ішінде «Жаңа жыл», «Наурыз» секілді басқа да күнтізбедегі мерекелік күндерді отбасыммен қарсы алып, тойламаппын. Себебі менің басты міндетім — мәдени шаралардың жоғары деңгейде өткізу. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік еді. Мұғалжар ауданының мәдениеті аудандар арасынан бірінші қатардан көрінуі үшін жүйелі ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздім. Мен басшылық жасаған бөлімнің қызметкерлері де өз салаларының майталман мамандары болды.

«Mugalzhar_gazeti»: Сіз ұзақ уақыт ауданымыздың мәдениет саласындақаншамаигіліктіісатқарып, еңбек еттіңіз. Мұғалжар өңірінен түлеп ұшқан өнерпаз жұлдыздардың жолының ашылуына үлкен көмек бердіңіз. Бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыстасыз. Алайда әттеген-ай дейтін, орындалмай қалған арман-мақсаттарыңыз болды ма?

— Иә, армандартаусылмайдығой. «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» деген халық даналығы. Ең үлкен арманым — ауданның орталығы Қандыағаш қаласынан 600 орындық Мәдениет үйін салуды жоспарлап, сметалық құжаттарын дайындаған болатынбыз. Алайда мен зейнетке кеттім, арманым әлі күнге дейін орындалмай келеді. Бұйырса, ол күндерге де жетерміз. Еңбастысы, елімізаман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым берік болғай!

«Mugalzhar_gazeti»: Әңгімеңізге рақмет!

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АДИЛЬБЕК – МАСТЕР НА ВСЕ РУКИ

admin_mugalzhar

АУДАН ЭКОНОМИКАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

ӘМБЕБАП ӘСЕЛ АПАЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.