БҮГІНГІ ЗАМАН КЕШЕГІДЕН БАСҚАША. ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ КҮН САНАП ДАМУЫ — АДАМЗАТТЫҢ ҚОЛЫН ҰЗАРТЫП, УАҚЫТЫН ҮНЕМДЕП, ӨМІР СҮРУІН ЖЕҢІЛДЕТІП ЖАТҚАНЫ АЙҚЫН. ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ-АҚ ШАРУАМЫЗДЫ ТЫНДЫРЫП, АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТЫП, КЕРЕГІМІЗДІ ҚОЛЫМЫЗДАҒЫ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННАН-АҚ ІЗДЕП ТАБАТЫН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІК. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АРАСЫНДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ТАНЫМАЛ БОЛЫП, ҚАЖЕТІМІЗГЕ ЖАРАП ЖҮРГЕН «GOSAUDA» МОБИЛЬДІК ҚОСЫМШАСЫ ДА ОСЫНДАЙ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНДТКЕ АЙНАЛҒАН ЖОБА. БҰЛ – ЭЛЕКТРОНДЫ КОММЕРЦИЯНЫ ДАМЫТУ АЯСЫНДА ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАН ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ АЛҒАШҚЫ САУДА-САТТЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ. АЛ АТАУЫНЫҢ МАҒЫНАСЫ «САУДАЛАСУ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕТІН ОСЫ ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ – БІЗДІҢ ЖЕРЛЕСІМІЗ ЕКЕНІН ЕКІНІҢ БІРІ БІЛЕ БЕРМЕЙДІ. ГАЗЕТІМІЗДІҢ ИНСТА ПАРАҚШАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТЕТІН «ЖЕРЛЕСПЕН ЖҮЗДЕСУ» АЙДАРЫНА ШАҚЫРҒАН КЕЗЕКТІ ҚОНАҒЫМЫЗ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТІЛЕКҚОС ДӘУЛЕТАЛЫҰЛЫ БҮГІНДЕ БАТЫС ӨҢІРІ БОЙЫНША «GOSAUDA» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ. ҚОНАҒЫМЫЗ ЭФИР БАРЫСЫНДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ПЕН ӘЛЕМ АЛПАУЫТТАРЫМЕН БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН АРМАН ТУРАЛЫ АЙТЫП, ЖАЛПЫ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ КӨП САЛАНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ. ОНЛАЙН-КЕЗДЕСУДІҢ ҮЗІНДІСІН БҮГІН ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ
«МҰҒАЛЖАР»: Алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Сіздің негізгі мамандығыңызды да білейік…
Мен өзім осы өңірдің тумасымын, Ембі қаласында дүниеге келдім. 1997 жылы Қандыағаш қаласына көшіп келіп, №4 қазақорта мектебінде білім алдым. Ал мамандыққа келер болсам, Қ.Жұбанов атындағы университетте техникалық мамандық, ал одан кейін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде заңгерлік мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ бітірген мамандықтарым бойынша жұмыс жасау, сол мамандықтың иесі болу бұйырмады. Себебі қазіргі уақытта айналысатын түрлі іс, бағыт, жұмыстар көп. Жылданжылға, тіпті күннен-күнге десек те болады, кейбір мамандықтар сұраныстан қалып барады. Оның есесіне, заман талабына байланысты жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Сол себепті заманға қарай бейімделіп, жаңа мамандықты меңгеруге тура келді.
«МҰҒАЛЖАР»: «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» дейді қазақ халқы. Жалпы бүгінде көпшілік арасына дендеп ене бастаған отандық жобаны қолға алуға не түрткі болды?
— 2015 жылы Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында мемлекетімізді дамыған 30 елдің қатарына жеткізу үшін елімізде IT саласын, оның ішінде электронды коммерцияны дамытудың қажеттігін айтқан болатын. Одан кейін елде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, технологиялық трендттен қалмай, қалып қойғанды қуып жетіп, басып озу мақсатындағы нақтылы жұмыстар қолға алына бастады. Жалпы технологиялық үдерістің — адамзаттың өмір сүруін жеңілдетуге арналған процесс екені айқын. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан нарығында түрлі жобалар, мобильдік қосымшалар пайда болып, жұмыс жасауда. Миллиондаған халық соны пайдаланып жатырмыз. Өйткені бізге әрі ыңғайлы, әрі уақыт пен қаржы үнемдейміз. Бірақ соның барлығы шетелдік өнімдер. Бұл дегеніміз — халықтың қаржысы, яғни сіз бен біздің қаражатымыз шет елге кетіп жатыр деген сөз. Мысалы, АҚШ мемлекетінде «Аmazon» деген сауда-саттық алаңы бар, Қытайда әйгілі «AliExpress» жұмыс істеп тұр. Ал ТМД елдерінде барлығына ортақ кең ауқымды жоба жоқ. Сол жобаны, оның ішінде өзіміздің отандық жобаны неге бізге қолға алмасқа?! Міне, осы ой қамшы болып, қазақ азаматтары бірігіп, 2017 жылы Қарағанды облысында, Сарыарқаның төрінен осындай сауда-саттық платформасын дүниеге әкелдік.
«ОҚЫРМАН»: Бүгінгі жетістікке қалай қол жеткіздіңіз? Осы жолда қандай қиыншылықтар болды?
— Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Себебі бәсекелестік деген бар. Оның ішінде жаңағы сол халықтың арасында танымал болып үлгерген шетелдік компанияларды нарықта басып озу оңай емес, әрине. Сол себепті істелетін жұмыс әлі де көп. Қазақстан нарығында дамытып, міне, әлемді нарыққа да шықтық. Оның ішінде Түркия, Қырғызстан мемлекеттерінің нарығына кірдік. Ал биыл тағы 5 мемлекетті қамтимыз деген жоспарымыз бар. Жалпы қандай да бір кәсіптің шыңына жету үшін, белгілі бір дәрежеге көтерілу үшін оның жүріп өтетін баспалдақтары болады. Қай жерде жұмыс жасасақ та, бірден басшы болып кетпейміз. Алдымен төменнен бастап, көтерілеміз. Біз де сондай баспалдақтардан өттік. Бүгінде міне, Батыс өңіріндегі компания директорлығына қол жеткізіп отырмын.
«МҰҒАЛЖАР»: «Gosauda» саудасаттық платформасының өзгелерден айырмашылығы неде?
— Компания қазір Қазақстан бойынша барлық жерде жұмыс жасап тұр. Дәл қазіргі уақыт ғаламтор ішінде жүріп жатқан кәсіпке жол ашты. Өйткені пандемияның уақытында көптеген кәсіпорындарға, шағын және орта бизнеске қиыншылық туды. Көпшілігі уақыт талабына сай, онлайнға көшті. Бұл жағдай гоусауданың да дамуына жақсы әсер етті. Ал өзге сауда-саттық платформаларымен салыстыратын болсақ, әрине, алдымен ел тарихындағы алғашқы отандық жоба екенін, оның ішінде осындай жобалардың арасында ең алғаш әлемдік нарыққа шыққан сауда-саттық платформасы екенін еске салғым келеді. Бүгінде мобильдік қосымшамыз үздіксіз жұмыс жасап тұр. Гоусауданың ішінде әр кәсіпкер өзінің жеке сайтын немесе дүкенін аша алады. Бұл жақта біздің отандық кәсіпкерлердің шетелдің кәсіпкерлерімен тікелей жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Тағы бір айта кететін нәрсе, біз негізінен тұтынушының мүддесіне басымдық береміз. Түсінікті болу үшін, кеңінен тоқталсам… Мысалы қандай да бір нарықты алатын болсақ, сатушы бар және тұтынушы бар. Немесе сол жерде қызмет көрсететін адам бар және сол қызметке мұқтаж жан бар. Ал қолданыстағы мобильдік қосымшалардың басымында сатушылардың мүддесі басым қорғалған. Яғни сатушылар өздерінің жарнамасын қояды, өзіне керегін іздеп жатқан адам сол қосымшаға кіреді де барлығын ашып қарап отырады. Арзанын, тиімдісін, қажетін, қай ауданда тұрғанын қарап, уақыт жоғалтады. Ал гоусауда екіжақты режимде жасалып отыр, әсіресе, тұтынушылардың мүддесін қорғауға шығарып отырмыз. Мәселен, автокөлік сатып алуды ниет еткен адам «Gosauda» қосымшасын жүктеп алып, жарнамасын қалдырып, өзінің сатып алу бағасын қояды. Жарнама қалдырған кезде, осы сауда-саттық алаңында көлік сатушыларға автоматты түрде сатып алушыдан хабарлама келіп тұрады. Сосын сатушы көлік іздеп отырған адамға өздері шығады. Бұл – тұтынушының уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін, сатушы мен тұтынушыны байланыстыратын осындай делдалсыз жоба. Отандық бұл жобаның өзгелерден тағы бір айырмашылығына тоқталайын. Мысалы, сіз кәсіпкерсіз делік. Сіздің өзіңіздің сауда-саттық жасайтын бизнес парақшаңыз және бизнесіңізге қатысты видео жүктейтін ютуб каналыңыз бар болсын. Бұл жағдайда сіз гоусаудада жарнама қалдырғаннан кейін осы парақшаларыңыздың сілтемесін, сонымен қатар ватсап нөміріңізді де тіркеуге мүмкіндік аласыз. Айта кетерлік тағы бір жаңалығымыз, ең алғаш рет осындай сауда-саттық алаңдарының ішінде гоусаудада ғана сторис салуға жағдай жасалған.
«ОҚЫРМАН»: Бұл жобаны қаржыландыру көзі қайдан болды?
— Компанияны ел ішінде дамытып қана қоймай, әлемдік нарыққа алып шығу үшін кең ауқымды жұмыстар жасалу керек болды. Техникалық тұрғыда айтар болсақ, барлық операциялық құрылымдарды бақылау үшін дата-центр керек болды, ол жерге білікті программистер жалдау қажет еді. Өңірлерден кеңселер ашуды қолға алдық. Бұның барлығы үлкен қаражатты қажет етті. Біз осы кезде әлемдік тәжірибеде бар, дүниежүзі бойынша небір алпауыттар қолданған әдіске жүгіндік. Яғни «Gosauda» компаниясының 100 пайыздық акциясының 40 пайызын белгілі бір пакеттерге бөліп, халыққа ұсына бастадық. Жобамыздың болашағы бар екеніне сенім білдіргендер компания акцияларын сатып ала бастады. Сөйтіп, акция сату барысында түскен халықтың ақшасы компанияны дамытуға жұмсала бастады. Ал акция алған халыққа түскен қаражаттың белгілі бір пайызын салған ақшаларына байланысты беріп отырдық. Міне, осылай 2017 жылы тек идея болған, одан кейін жобаға айналған, уақыт өте тестілік әдісте жұмыс жасауға көшкен, ал 2020 жылдан бастап толыққанды жұмыс жасай бастаған үлкен компанияға айналдық.
«МҰҒАЛЖАР»: Өз кәсіптеріңізді алдағы уақытта қандай биіктерден көресіздер?
— Мен мана жоғарыда айтып өткен шетелдік компаниялар өз жұмыстарын бастаған кезде оларға да сенбегендер болған. Бірақ оған қарамастан олар әлемдік нарықтағы өз орындарын ойып алды. Біздің де осы компаниялардың жетістікке қол жеткізу жолындағы тәжірибелерін қайталап қана қоймай, олардан озамыз ба деген мақсатымыз бар. Гоусауданың болашағы зор деп білеміз. Себебі сауда-саттық ерте заманнан бері келе жатқан, ешқашан жойылмаған, жойылмайтын нәрсе. Біздікі де сол атабабадан тамыр тартқан, кешегі Ұлы жібек жолының жаңа электрондық форматы деп білеміз. Мақсатымыз – ел қаражатын өз елімізде алып қалу, сонымен қатар әлемдік нарықта орнығып, шетелдің қаржысын елге әкелу. Осы бағытта жұмыс жасаудамыз, әлі де жасарымыз көп
«МҰҒАЛЖАР»: Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Зайырбек ЕСЕНЖОЛОВ