«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Алик ГАЗИЕВ: ҰЛТЫМ — ШЕШЕН, РУЫМ — ЖЕКЕЙ

— Мен 1971 жылы осы Еңбек ауылдық округінде дүниеге келдім. 1-10 сыныпты ауылдың мектебінен бітірдім. 1988 жылы мектепті аяқтағаннан кейін Темір техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін әскерге қабылдандым. Мәскеуде азаматтық борышымды өтегеннен кейін, ауылға келіп, оқуымды аяқтадым. Содан соң 1 жылдай уақыт бойы мал дәрігері болып қызмет атқардым. Кейін аудан екіге бөлініп жатқан уақытта мал дәрігерлеріне де жұмыс тоқтап қалды. Халықтың да жағдайы нашарланып кеткен уақыт болды. Сол кездері көптеген нысандардың, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқан кезі еді. Осы уақытта ауыл әкімі осындай күйдегі мәдениет үйін маған тапсырды. 6 жыл бойы мәдениет үйінде жұмыс жасап, оның 2 жылында тегін қызмет етіп, ішін ретке келтіру жұмыстарымен жүрдім. Бір кездері мәдениет үйін солай аман алып қалғанбыз. Жалпы ұлтым шешен өкілі болса да, өзімді қазақтың баласындай сезінемін. Өйткені өскен ортам, араласқан адамдарым бәрі де қазақтар болды. Әкем 1944 жылдары атамызды жоғалтып алған екен. Содан осы ауылдың Уражановтар дейтін қазақ әулеті әкемді бауырына басып, асырап алады. Кейін сол отбасына келін түсіріп, шаңырақ көтеріп, артынша біз де өмірге келдік. Бұл отбасы Жекей руынан шыққандықтан, өзімді де өзгелерге «Жекеймін» деп таныстырамын. Бізді басқа ұлт деп ешкім кеудеден итерген емес. Керісінше, бауырларына тартып, қонақ шақырса қатардан қалдырмай, бірге қосып жүреді. Кішкентайымнан қазақша тәрбиелендім. «Қазақшаны қалай үйрендіңіз, қазақ ортасына қалай сіңдіңіз?» десе, бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмей қаламын. Шыны керек, қазақ балаларының тілі қазақша қалай шықса, мен де қазақ тілінде сөйлеп кеттім. Алайда бала кезімде екі тілді, яғни қазақша-шешенше сөздерді қатар айтып жүріппін. Шешен тілінде де, орыс тілінде де, қазақша да таза сөйлей аламын. Өзім 6 ағайындымын. Менен басқасының бәрі Кавказ жаққа қоныс аударды. Мені де шақырады, әрине. Бірақ мен өзімнің өскен, өнген жерімнен ұзап ешқайда бара алмайтынымды сеземін. Соңғы 2-3 жылдықта кіші інім көшкен еді. Үйренісуі біраз қиындау болса керек, қазақ ұлтындай бауырмал ел жоқ екенін, өзін еркін сезіне алмай жүргенін айтады. Бәлкім балалық шағы қазақ жерінде өскеннен болар… Бірақ ағайынымды аралап, отбасымды алып барып тұрамыз, қатынасымызды үзбейміз. Жұбайым — Наташа. Орыс ұлтының өкілі. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасымызда қазақ, орыс, шешен ұлттарына тән барлық мерекелерді тойлап, атап өтеміз. Қазір ауылымыздың білім ордасында ұстаздық қызметтемін. Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ беремін. Бұл қызметке 1999 жылы шақырту алдым. Бәрі аяқ астынан болды десем де болады. Ауылда бұл пәннен маман жоқ болғандықтан, мектеп директоры ұсыныс тастаған еді. Содан бері осы саланың қызығы мен қиындығын көріп келемін. Өзіме ыстық болып кеткен туған жерімнің топырағынан айналдым! Осы бір керемет сәтті пайдалана отырып, қазақ ұлтына алғысымды айтқым келеді және мереке қарсаңында қазақ жерінде тату ғұмыр кешіп жатқан барлық ұлт өкілдерін бірлік күнімен құттықтаймын!
А.АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Асель АБДАНБАЕВА: ЖУРНАЛИСТИКА — НЕ ТОЛЬКО ПРОФЕССИЯ, НО И ОБРАЗ ЖИЗНИ

admin_mugalzhar

Қуаныш КЕНЖЕҒАЛИЕВ: ЖУРНАЛИСТИКА — ӨМІРІМДІ АРНАҒАН МАМАНДЫҚ

admin_mugalzhar

ТОҒЫЗ КЕЛІН ТҮСІРГЕН МӘРИЯ ӘЖЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.