Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы Заңға қол қойды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Заң коллекторлық агенттіктерге борышкермен кез келген байланыс процесінің бейне және аудио жазбаларын жасауды міндеттейді. Заң шығарушылардың пікірінше, бұл норма коллекторлар тарапынан дөрекі қарым-қатынасты немесе заңнаманы бұзуды болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлерінен борышкермен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салынады.
Коллекторлық агенттіктер үшін олардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар да көзделген.
Негізгі жаңалықтардың бірі — несие тарихын сақтау мерзімін 10 жылдан бес жылға дейін қысқарту болып табылады.
Парламент бұл заңды 2021 жылдың сәуір айының соңында қабылдаған болатын.