2021 жылды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Қайыңды ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қарлығаш Қонарбаева «Шапағат» бөбекжай бақшасының тәрбиеленушілері арасында «Көгалдағы кітапхана» акциясын өткізді.
Бүлдіршіннің тілге, білімге, өнерге деген қызығушылығы мен ойлау және танымдық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған акцияға бүлдіршіндер қызыға атсалысты. «Балдәурен» және «Балбөбек» тобының тәрбиеленушілері «Ертегі құрастырайық» ойынында сұрақтарға ұтымды жауап беріп, ертегіде кездесетін жан-жануарлар мен кейіпкерлерді сипаттауда алдарына жан салмады. Кітапханашының оқыған «Түлкі мен қоян» ертегісін аса қызығушылықпен тыңдады.
Іс-шара соңында «Көгалдағы кітапхананың» кітаптарына шолу жасалып, бүлдіршіндерге «Күншуақ» балалар журналы сыйға тартылды. Балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шараға ризашылығын білдірген бөбекжай бақшасының меңгерушісі Ж.Әлібекова кітапханашы Қ.Сансызбайқызына «Алғыс хат» табыстады.
Ә. ӨМІРТАЕВ