«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕРЕЙІ ЖАРАСҚАН ЖАНҰЯ

Ауданға қарасты Мұғалжар ауылында тұратын Атаевтар жанұясы биылғы өткен «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық додасында үшінші орын иеленді. Үлгілі отбасыға айналған осы әулет Отбасы күні
мерекесіне орай ұйымдастырылған арнаулы бетіміздің кейіпкеріне айналды. Сонымен…

Үлкен бір шаңырақтың отағасы Аққозы Жетпісбайұлы осы өңірдің баласы, 1961 жылы Қаракөл ауылында дүниеге келген. Ал жұбайы Ләззат Сабырханқызы 1966 жылы Оңтүстік Қазақстанның Шардара қаласының қызы. Еліміздің екі жағында дүниеге келген жастар 1984 жылы Қарағанды қаласында студенттік шақтарында танысып, араға 3 жыл салып шаңырақ көтереді. Бүгінде 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, қазірде 9 немере сүйіп отырған ардақты ата-әже атанған кейіпкерлеріміз Мұғалжар ауылдық орта мектебінде ұзақ уақыт бірге қызмет етіп, қиындығы мен қызығын қатар көріп келе жатқан ұлағатты ұстаздар. Бүгінде балалары да ата-ана жолын жалғастырып, ұстаздық етуде.
— Біздің шаңырақ көтергенімізге 35 жылға аяқ басты. Бір жерде бірге еңбек еткенімізге де міне, отыз жылдан асты. Бала тәрбиелеп, ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған отбасылардың біріміз. Өзім көп балалы ана атанып, қазірде зейнеткерлікке шықсам да, әлі күнге дейін мектепте қызметімді атқарып жүрмін. Байқауға келер болсақ, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға ауылымыздың әкімшілігінен ұсыныс жасалған еді. Біз отбасымызбен олардың сөзін жерге тастамай, ұсынысын қолдап, жобаға қатысуға бел будық. Қазіргі ахуалға байланысты алғашқы кезең онлайн форматта өткізіліп, сараптама жасалынды. Жоба үшін арнайы отбасымызбен альбом дайындап, ол альбомға біздің отбасымыз туралы ақпараттарды енгіздік. Мәселе алған орында емес, әрине. Өйткені ауданда таңдау түскен отбасылардың бірі болғанымыздың өзі мәртебе, — дейді Ләззат Атаева.
Отанасының айтуынша, бұл отбасында атадан мұра болып қалған ұстаздық жолы ғана емес, шахмат пен тоғызқұмалақ ойындарына деген құмарлық екен.
— Кез келген нәрсені сүйіспеншілікпен отбасы болып қолға алу — үйіміздегі қалыптасқан үрдіс десем де болады. Әрине, балалардың өз таңдауына құлақ асу да қажет. Тыңдай, түсіне білмеген адамға мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеу де қиын болар еді. Сол себепті ұстаздық — балаларымыздың өз таңдауы. Оған мүмкін біздің мамандығымыз да ықпал өткен болар. «Ұстаз болу — жүректің батырлығы демекші», ең бірінші әр баланың жүрегіне жол таба білу керек. Сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, шәкірттерді ұлтжандылыққа баулып, биік шыңдарға жетелеу — әр ұстаздың міндеті. Балаларымызға да осы қағиданы сіңіріп өсірдік, — дейді Ләззат Сабырханқызы.

Әміржан КЕҢЕСҰЛЫ

Ұқсас ақпараттар

ҰЛТЫ ТАТАР, ЖАНЫ ҚАЗАҚ – МАРЗИЯ АПАЙ

admin_mugalzhar

ЖАС МАМАНДАР АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ: ҰМЫТЫЛМАС ШАҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.