«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«БОПАЙ ХАНЫМ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ

Аудан әкімдігінде жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» тарихи романының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараға облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, композитор, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір, Мәди Айымбетовтың ағасы Геннадий Айымбетов пен жұбайы Роза Алпысбаева және Мұғалжар ауданының кітап сүйер оқырмандар қауымы қатысты.

Жазушының «Тәтті мұң» атты алғашқы әңгімесі 1972 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Содан бері жазушының оннан астам кітабы шықты. «Бар болғаны он төрт жас», «Ғашық болу бақыты», «Құм киесі» т.б. повестері балаларға, ауыл өміріне арналған. Орыс тілінде «Плато голубых цветов», «Чаша печали», «На тверди земной» (2001) атты кітаптары шықты. Швед жазушысы Мария Грипенің «Эльвис Карлсон» повесін, В.Шукшин, А.Головко, А.Пацюс, тағы басқа жазушылардың шығармаларын аударған. Жекелеген шығармалары украин, белорус, түркімен, өзбек, қырғыз, ұйғыр, шешен тілдеріне аударылған.
Шара барысында жазушының шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Бопай ханым» тарихи романында ХVIII ғасырдағы халықтың тағдыры, басқыншыларға қарсы күресі, Әбілқайыр хан тұлғасы туралы, Әбілқайыр ханның жұрты мен жерін орыстан да қорғап, жоңғардан да қорғап, жан-жақтан анталаған жаумен алысып, арпалыспен өткен ғұмыры, халықты Бұланты, Аңырақай шайқастарына бастап шыққан ерлігі жазылған.
Ал Бопай ханымның да сол кезеңнің тарихында алатын орны ерекше. Бопай ханым — Әбілқайыр ханның сүйікті жары, Нұралы, Ералы, Айшуақ хандар мен Қожахмет, Әділ сұлтандардың анасы. Сонымен бірге ол — қиын-қыстау сәттерде өзінің жарына, балаларына ақылшы, кеңесші де бола білген биік парасат иесі еді.

Шара барысында облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы жазушы ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет орденінің иегері» Мәди Айымбетовтың шығармалары туралы ойларын ортаға салды.
Шарада композитор, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір «Ағайынды Жұбановтар», «Жемнің бойында» әндерін тарту етті.
Шара соңында «Бопай ханым» тарихи романының тұсауы кесіліп, автор кітапқа қолтаңбасын қойып, оқырмандарға үйлестірді.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда «оралман» сөзінің орнына ресми түрде «қандас» сөзі бекітілді

admin_mugalzhar

Қазақстанда жастарға 1 млн теңгеден беріледі

admin_mugalzhar

Президент Банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.