Аудан әкімі Асқар Шериязданов Жағабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. 248 үйі, 1326 тұрғыны бар Жағабұлақ ауылында биылғы жылы да бірнеше жобалар жүзеге асырылатындығын баяндады.
Өткен жылы ауылдың 5 көшесі асфальттанса, биылғы жылы мектепке, дәрігерлік амбулаторияға, ауылдық клубқа баратын 2 көшенің бойымен (Мектеп, Қаржаубаев) жаяу жүргіншілерге арналған жолдар (тротуар) салу үшін «Қазақойл-Ақтөбе» компаниясының есебінен жобалық-сметалық құжаттары дайыналуда.
«КНИСГ» компаниясының демеушілігімен қазіргі таңда Жағабұлақтың балабақшасы жөндеуден өткізілуде және балабақша ауласына арнайы модульдік жылу қазандығы орнатылуда.Ақпан айында өткен аудан әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындардың ұсыныстары негізінде өткен жылы жасалған 5 көшені байланыстыратын көшелерді асфальттауға жобалық-сметалық құжаттар жасалынуда. Жастар 2 көшесіне де «Қазақойл-Ақтөбе» компаниясының есебінен жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Аудан әкімінің шақыртуымен осы кездесуге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бас директорының көмекшісі Өтеміс Оразайұлы қатысты. Ол ақпан айында өткен есеп беру кездесуде айтылған ауылдағы 68 жұмыссыздың бірінші тоқсанда 17-сі жұмысқа қабылданғанын, бос жұмыс орындары жарияланған кезде мамандықтарына қарай аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қалған жұмыссыз азаматтар да кезең-кезеңімен жұмыспен қамтылатындығын айтып берді.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ғалым Дәрімбетов қазіргі таңда Жағабұлақ ауылының тұрғындарының ұсынысы негізінде «Қазақойл-Ақтөбе», «М-ТехСервис», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Арал Петролиум», «Урихтау Оперейтинг» компанияларының кадр бөлімінің басшылықтарымен тығыз жұмыс жасап, олардағы бос орындарға жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастырумен айналысып жатқаны жөнінде есеп берді.
Ауылдың айналасында мал шығаруға қажетті жердің тапшылығына байланысты 22 сәуір күні аудандық жер қатынастары бөлімінің, аудандық ветеринария стансасының басшылары келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, осы мәселелерді талқылап, нәтижелі шешімге келу жағын қарастырылатындығы айтылды.
Округ әкімі М.Бокашев өз есебінде «Урихтау Оперейтинг» компаниясының есебінен ауылдың 2 мектеп түлегі жоғары оқу орнында оқып жатқанын және биылда 1 түлекті Қ. Жұбанов атындағы мемлекеттік университетке демеушілік арқылы оқытуды ұйымдастырып жатқандығын атап өтті.
Кездесу барысында шөп шабу, шөптің бағасын реттеу, шаруа қожалықтарының пайдаланбай тұрған жерлерін қайтару, оларды жаңадан конкурсқа шығару мәселелері ауыл тұрғындарымен талқыланды.
Кездесуден кейін аудан әкімі Асқар Шериязданов, аудан прокурорының орынбасары Ғалымжан Ермағамбетов, Ембі қалалық полиция бөлімінің бастығы Бақыт Ізімов тұрғындарды қабылдап, көтерген экологиялық, әлеуметтік, және құқықтық мәселелері бойынша сауалдарына жауаптарын берді.