Жеңіс мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының Мұғалжар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Көмекбай Бектұрғанов, Қандыағаш локоматив пайдалану депосының Кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Бейсауытов Ембі қаласына арнайы барып, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ардагерлерді ардақтауға бағытталған «Жеңіс» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңістің аудандағы жалғыз куәгері Қазтай Тыныштықовты және соғыс жылдарында еңбек еткен тыл ардагерлері Есмұрат Зарлықұлын, Салиқа Емпағанбетқызын және Күлпаршын Дошанованы мерекелерімен құттықтады. Бүгінгі бейбіт заман үшін ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыстады.
Саналы ғұмырын ағарту саласына арнаған Күлпаршын Дошанова өзін құттықтап барған партия өкілдеріне соғыс кезінде өзінің бала болғанын, дегенмен ол кездегі қиындықты жүрегімен сезгенін жеткізді. Бала болса да бау-бақша өсіруге көмектесіп, егістікке түскен шегірткені үркітіп жұмыс жасағанын айтып берді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Қазтай Тыныштықов ол кездердің жалпы барша халыққа ауыр болғанын, қарша бораған оқтар мен снаряд жарқыншақтары арасында жаумен соғысқан кездерін еске алып, бүгінгі бейбіт заманда өмір сүріп жүрген ұрпақтары үшін шүкіршілік ететінін жеткізді. Ашық-жарқын әңгіме арасында ел аумағында болып жатқан түрлі оқиғалардан хабардар болып отыратынын айтып берді. Бір отбасының ғана емес, барша ембіліктерге үлгі ардагерлер өздерін мерекемен құттықтап келгендерге ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын жаудырды.
«Жеңіс» акциясы аясында ардагерлерді ардақтау жұмыстардың әлі де жалғасатынын айтқан Көмекбай Бектұрғанов өткен жылы аудан аумағындағы 144 тыл ардагерлеріне арнайы барып, азық-түлік қоржыны мен тұрмысқа қажетті заттардың таратылғанын жеткізді.