«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҮЛКЕН САХНАДА ӨНЕР КӨРСЕТУДІ АРМАНДАЙТЫН АЛТЫНБЕК

АЛТЫНБЕК РАШ — ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ СОҢҒЫ КУРС СТУДЕНТІ. ҚАНДЫАҒАШТА ТУЫП-ӨСКЕН БОЛАШАҚ АКТЕР ҮЛКЕН САХНАЛАРДА ӨНЕР КӨРСЕТУДІ АРМАНДАЙДЫ. СОЛ АРМАНЫНА ДЕГЕН ЖОЛДЫҢ БАСТАМАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ БІРТУАР ҰЛЫ ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ РӨЛІН СОМДАУЫ ДЕП БІЛЕДІ ӨЗІ.

САХНА МЕН ҮШІН КИЕЛІ ОРЫН

-Киелілігі сонда – шынайылық пен еңбекті, дарын мен даралықты қажет ететін орын. Бізге ұстазымыз: «Біздің сахнаға деген қарым-қатынасымыз қандай болса, сахнаның да саған берері сондай болады», — деп отыратын үнемі. Мұнымен айтқым келгені, егер еңбек етіп, терлеп-тепшіп жұмыс жасасақ, сахнада жанатын жұлдызды сәтіміз келеді. Ал егер сахнаға немқұрайлы қарасақ, онда сахналық ғұмырымыз да қысқа болмақ. Дарын кез келген адамда болады деп ойлаймын. Тек бойында сол тұнып жатқан бір пайыз талантты тоқсан тоғыз пайыз еңбек арқылы аша алу керек.

ЕҢ АЛҒАШҚЫ РӨЛІМДЕ ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВ БЕЙНЕСІН СОМДАДЫМ

-Ең алғашқы рөлім колледжде 2- курс студенті болып жүргенімде басталды. Тәуелсіздік күніне орай, Т.Ахтанов театрында режиссер әрі ұстазым Алмат Шарипов «Желтоқсан ызғары» атты спектакль қойды. Сол спектакльде Қайрат Рысқұлбековтің рөлін сомдадым. Көрермендер арасында өнер жанашырлары Қанат Құдайбергенов пен Светлана Айтбаевалар отырды. Қобалжу, тебіреніс, жауапкершілікті сезіну дегенді осы кезде қатты сезіндім. Кейін 4-курста «Театр — өнердің ұлы көші атты» фестивалінде Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» пьесасындағы «Диуана» кейіпкерін сомдап, «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясы мен 70 мың теңге жүлдесін жеңіп алдым.

ТЕАТР АКТЕРІ МЕН КИНО АКТЕРІНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ КӨЗДІҢ АҒЫ МЕН ҚАРАСЫНДАЙ

— Театрда қателесуге болмайды. Қателессең, бір спектакльдің күл-талқаны шығады. Көзі қырағы көрермен қателікті бірден байқап қояды. Сахнадағы қателік кешірілмейді. Ол үлкен дайындықпен шығатын дүние. Ал кинода қателессең, тағы бір дубль түсіреді. Мен айырмашылққа қарамай, екеуін де таңдадым.

АКТЕР БОЛУ — АДАЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

-Актер — мамандығын игерген, өз мамандығына адал адам. Егер актер өз мамандығына адал болмаса, одан ешқашан актер шықпайды. Актер үнемі сынақта жүреді, сондықтан психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да кез келген рөлге дайын жүруі керек. Рөл берілген соң арада бір ай, көп дегенде екі ай өтеді. Сол аралықта дайындалып үлгеруің керек. Сол рөлді алып шығуың қажет. Актердің сүрінетін, не болмаса көтерілетін жері де осы. Сүрінсе — жығылғаны не тәжірибесінің аздығы. Жарқ етсе — жұлдызының жанғаны.

ТЕАТР — БҰЛ МӘДЕНИЕТТІҢ ОРДАСЫ

— Ғаламтор үстемдік құрған заманда адам баласын таңқалдыру қиын. Бұл жерде әр адамның өз таңдауы мен қызығушылығының рөлі басым болмақ. Қазір жастар арасынан құрылған театрлар да көрермен жүрегін жаулап, әлеуметтік желіде көптің сүйіспеншілігіне бөленіп жүргенін көріп, қуанып жатамыз. Театр бір орнында тұрмай, үнемі өзгерісте болуы керек. Ол бір орнында, дәстүрлі қалпын сақтап тұруы керек деген оймен келіспеймін.

КАСТИНГКЕ КӨП БАРА БЕРМЕЙМІН

-Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «театр және кино мамандығының» 4 курс студентімін. Кастингке көп бара бермеймін. Себебі ұстазымыз сабаққа кедергі келтіреді деп рұқсат етпейді. Біз толық маман иесі атанғанда ғана сол бағытқа толыққанды бет бұрса болады деп ойлаймын.

ӨНЕР — ӘКЕМНЕН ДАРЫҒАН ҚАСИЕТ

— Иә, менің әкем өнерге жақын адам. Өзі бала кезінен домбырамен ән шырқап жүреді екен. Әлі күнге дейін солай, қазір де домбырасын қолынан тастамайды. Өнерге деген қызығушылығымды әкем арттырса, ал анам қолдау білдіріп, әрдайым алдыға демеп отырады. Жалпы өзім мектеп қабырғасынан ән айтып, түрлі ән-өнер байқауларында бой көрсетіп жүрдім. «Жайдарман» ойындарында ойнап, сахнаға деген махаббатым ашыла бастады. Солай жүріп, «неге бұл махаббатымды одан әрі ашпасқа, неге өнерді қолға алмасқа» деп ойланып, ата-анаммен ақылдасып, осы жолға келген жайым бар.

ӘР МАМАНДЫҚТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ҚИЫНДЫҒЫ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

-Әрине, әр саланың өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Әттеген-ай дейтін сәт көп болмады. Бірақ дайындық барысында келіспеушіліктер, қиындықтар болып қалады. Қызық оқиға демекші, 2019 жылы Т.Ахтанов театрында Тілеу батыр спектаклінде соғыс сахнасы болып жатады. Сол сахналауда менің батырдың қолынан өлетін жерім бар еді. Мен оны ұмытып кетіп, әлгі батырмен әрмен қарай шайқасып жүрмін. Содан жаңағы актер маған: «Әй, сен өлесің ғой», — деп сыбырлап, сөйтіп сахнада импровизация жасап, ситуациядан шықтық. Қазірде сол сахнадағы қызықты сәттерді жиналғанымызда міндетті түрде еске алып күлеміз.

Жазып алған Нұргүл ҚАЛИЕВА

Ұқсас ақпараттар

АЯУЛЫМ — ҚОЛ КҮРЕСІНЕН АЛҒАШҚЫ ЧЕМПИОН

admin_mugalzhar

ӨНДІРІС ОРНЫ КОЛЛЕДЖГЕ МЕТОДИКАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТЕДІ

admin_mugalzhar

Футболдан Ұлттар лигасы: Қазақстанның қарсыластары анықталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.