Алға ауданы, Бестамақ ауылында Қазақ халқының ұлы тұлғасы Есет батыр Көкіұлына 355 жыл толуына орай «Ел ұмытпас өзіндей батырларды» атты мерейтойы өтті.
Мерейтойға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қазақтың белгілі қаламгерлері, мәдениет, өнер қайраткерлері, еліміздің, облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтар алдымен Есет Көкіұлы кесенесіне барып, баба рухына арнап Құран оқыды.
Батырдың мерейтойына Мұғалжар ауданы да белсене қатысып, теміржол мекемелерінің және «Кентавр» ЖШС-нің қолдауымен екі киіз үй тікті. Киіз үйлердің іші-сырты ұлттық бұйымдармен жабдықталып, батырдың бес қаруымен безендірілген арнайы орын дайындалды.
Дүбірлі тойға келген қонақтар Мұғалжар ауданы құрған киіз үйлердегі жайылған дастарханнан дәм татты. Мерейтойдың қонақтарына құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған екі батыр, ұлттық киім киген мұғалжарлық қыз жігіттер А.Жұбановтың әндері мен халық әндерін орындап, қонақтардың қошеметіне бөленді.
Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған мерейтойда театрландырылған көрініс көрсетіліп, елімізге, облысымызға танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар мерейтойда аламан бәйге, көкпар, қазақ күресі, қол күресі және қошқар көтеруден спорттық шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұргүл ҚАЛИЕВА