Аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландин төрағалық еткен кеңеске кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары және ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Аталған жиында Қандыағаш және Ембі қалаларының әкімдері қалалардың экономикалық дамуы, қалаішілік жолдардың күтімі, абаттандыру жұмыстары, жалпы әл-ауқаты туралы есеп берді.
Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов қала бюджетінің жыл сайын артып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Айталық, «Финский» мөлтек ауданында бірқатар көшелерге асфальт жолдардың төселетінін, суағарлардың салынатынын жеткізді. Ал Ембі қаласының әкімі Райымбек Мұсағали қала көшелерін тазарту, күтіп ұстау бойынша жұмыстардың жүйелі атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар орталық көшелердің бірі болып табылатын әлеуметтік нысандар шоғырланған Бауыржан Момышұлы көшесіне тас жол төсеу жұмыстарының жүргізілетінін айтып, қала көшелеріндегі кәріз жүйелерін жаңғырту қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ алдағы уақытта Ембі қаласынан битум зауыты салынатынын, бүгінде қажетті жер телімін қарастырып жатқанын баяндады.
Жиын барысында кеңес төрағасы Ғалым Қобыландин салынатын жолдар мен жұмыстардың сызбалық жобасы мен жоспарын жасау барысында тиянақтылықтың маңызды екенін айтты. Себебі шала жасалған жобалардың кесірінен екі мәрте жұмыс атқаруға тура келетінін де ескертті.