Серік ШАҢҒҰТОВ, Мұғалжар ауданының 2006-2016 жылдардағы әкімі
Серік Тілеулесұлы Шаңғұтов Мұғалжар ауданын он жылға жуық уақыт басқарды. 2006 жылы жеке шаруашылықтан мемлекет қызметіне қайтып оралған Серік Шаңғұтов 2003 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ал 2006 жылы Мұғалжар ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Серік Шаңғұтов ауданның коммуналдық шаруашылығының маңыздылығына мән артты. Жылу жүйелерін, қазандықтарын жаңартты. Тұрғын үймен қамту мәселесін қолға алды. Иесіз қалған көпқабатты үйлерді коммуналдық меншікке алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 240 пәтерлік 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Елді мекендерді газбен, ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Ембі қаласына Жалпақ су қоймасынан тұщы су тартылды. Жем қаласы көгілдір отынмен қамтылды. Сырттан көшіп келушілерді Жем қаласына орналастыру арқылы бұрынғы әскери қалашықтың тамырына қан жүгірді. Қандыағаш, Ембі қалаларында қалаішілік жолдар жөнделді. Бірнеше өндіріс орындары ашылып, аудан халқы жұмыспен қамтылды. Жергілікті халықтың әлеуметтік әл-ауқатыкөтерілді. Экономикалық өсім көрсеткіштері облыста көш бастаған аудан қай салада болмасын, төбелі жетістіктерге жетті. Шағын және орта бизнес тұрақты дамыды.