ӘНЕ-МІНЕ ДЕГЕНШЕ 2023 ЖЫЛ ДА АЯҚТАЛЫП ҚАЛДЫ. СІЗ ҚОЛЫҢЫЗҒА АЛҒАН БҮГІНГІ ГАЗЕТ — «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ОСЫ ЖЫЛДАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫ ҺӘМ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІ. ГАЗЕТ ҰЖЫМЫ ЖЫЛ БОЙЫ БАСЫЛЫМ БЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ, БЕЛСЕНДІ ОҚЫРМАНДАРДЫҢ, МАҚАЛАЛАР ДАЙЫНДАУ БАРЫСЫНДА АТСАЛЫСҚАН ӘР САЛА МАМАНДАРЫ МЕН ҚАЛА ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ АРАСЫНДА «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН» АНЫҚТАДЫ. ТАҢДАУ ЖАСАУДА ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНДІ(У. СОНЫМЕН РЕДАКЦИЯ ҰЖЫМЫ ЖӘНЕ ИНСТА ОҚЫРМАНДАРДЫҢ ДАУЫС БЕРУ НӘТИЖЕСІНДЕ ҮЗДІК АТАҒАНДАРМЕН ТАНЫС БОЛЫҢЫЗДАР.
«ЖЫЛ МҰҒАЛІМІ» аталымы
Малика ТӨРЕМҰРАТОВА – сыбызғының үніндей сызыла шыққан дауыс иесі. Ол 1986 жылдан бері мектепте жас буынға ән әлемінің әлдиін, күй өнерінің құдыретін үйретіп келеді. Қазіргі таңда оның жұмысы мектептегіден өзгешелеу. Малика Аманғалиқызы 12 жылдан бері Мұғалжар аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде музыкадан сабақ береді. Оның бұл орталықтағы шәкірттері де, олардың әлемінің де ерекше балалар. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісі — Малика Төремұратова 2022 жылы «Жыл адамы» атағына ие болған еді. Одан бөлек Алғыс хаттары мен марапаттары да жетерлік. Ол әрбір жетістігін ұзақ жылғы ізденіспен, шығармашылықпен байланыстырады. Осы күнге дейін талай өреннің өнерде қанат қағуына себепші болды. Шәкіртінің өмірдегі адами қасиеті мен өнердегі шығармашылық жетістігі қатар жүрсе – бұл кәсіби жетістігінің ең биігі деп санайды Малика мұғалім.