«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚЫС – 2024: ЖОЛ ТАЗАРТУ, ҚАР АРШУ һәм ТАЗАЛЫҚ

ҮЛКЕНДЕР БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ҚЫСЫН ҚАЗАҚТЫҢ ЖЫЛ ҚАЙЫРУЫ БОЙЫНША «ҚОЯННЫҢ ҚЫСЫ» ДЕЙДІ. ТАРИХҚА ҮҢІЛСЕК, ҚОЯН ЖЫЛЫНЫҢ ҚЫҢЫРЛЫҒЫ КӨП БОЛҒАН. СОНЫ ЕСКЕРГЕН БОЛСА КЕРЕК, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҚОЯН ЖЫЛЫНЫҢ ҚЫСЫНДА ҚАМСЫЗ ОТЫРМАҒАН. ИӘ, БИЫЛҒЫ ҚЫС ӨТКЕН ҚЫСТАРҒА ҚАРАҒАНДА ҚАЛЫҢ ҚАРЫМЕН, ҮСКІРІК АЯЗЫМЕН, ДҮЛЕЙ БОРАНЫМЕН ЕСІМІЗДЕ ҚАЛАТЫН СЕКІЛДІ. СЕБЕБІ АҚПАН АЙЫ БАСТАЛҒАЛЫ ТОҚПАНЫМЫЗДЫ ШЫҒАРЫП, АТ ҚҰЛАҒЫ КӨРІНБЕС БОРАН СОҒЫП, АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН БІРШАМА ӘБІГЕРГЕ САЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. СОНЫҢ САЛДАРЫНАН ЖОЛДАР ЖАБЫЛДЫ, КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ҚИЫНДАДЫ. ОСЫЛАЙ ӘУРЕГЕ САЛҒАН БОРАНДЫ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ҚАЛАЙ ЕҢСЕРДІ? ЖАЛПЫ ҚЫТЫМЫР ҚЫСҚА ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ӘКІМДІКТЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТЫ «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ТІЛШІЛЕРІ ІЗДЕП КӨРДІ.

ҚАНДЫАҒАШ: МЕРДІГЕРМЕН УАҚЫТША КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАЛДЫ

Дүлей боран Қандыағашты да айналып өтпеді. Қатты соққан желдің салдары қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйменжеке жайлардың шатырын ұшырды, электр сымдарын үзді, қалаішілік қатынасты тоқтатты. Дегенмен әкімдік өзіне жүктелген міндетті барынша атқаруға тырысып, қала жолдарын қардан тазалау жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Бүгінде қала көшелерін қардан тазалау жауапкершілігі екі мердігер мекемеге жүктелген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Қанат Мусин айтты.

Қандыағаш қаласын қысты күні қардан тазалау, жаз мезгілінде күтіп ұстау үшін бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы үш жылға жоспарланған. Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында жарияланып, конкурс ойнатылуда. Қорытындысы шыққаннан кейін конкурсты ұтып алған мердігер мекеме Қандыағаш қаласының қысмезгілінде қарын тазалап қана қоймай, жаз мезгілінде бүлінген асфальттарды жөндеп, сыпырып, жуып және жол белгілерін сызып, арнайы белгілер қою жұмыстарын атқарады. Ал әзірге конкурс ойнатылып қорытынды шықпайынша, қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмау мақсатында және жұмысты тоқтатпау үшін өткенжылғы келісімшарттарды ұзартып, екі мекемемен 22 млн теңгеге 2 айға келісімшартқа отырдық. Олар — «Тасымалдаушы» және «Өмірзақов Ақтан» жеке кәсіпкерліктері. Қазіргі таңда «Тасымалдаушы» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ерболат Айсұлтан қаладағы «Жастық», «Достық», «Самал», «Финский», «Финляндия» және көне қала аумағын қардан тазалайды. Ал «Өмірзақ Ақтан» жеке кәсіпкерлігі «Болашақ» және «Жаңа қоныс» аудандарының қарын аршуда, — деді ол.

Мақала дайындау барысында газет журналистері қала көшелерін тазартып жүрген мекемелердің жұмысшыларымен кездесіп, «Финский» және «Самал» мөлтек аудандарына барып, жасалып жатқан жұмыстарға куә болды. «Тасымалдаушы» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ерболат Айсұлтанды да сол жерден таптық. Ол қаланы қардан тазарту жұмыстары 17 қаңтарда басталғанын жеткізді. Оның сөзінше, қаланы қардан тазалауға жалпы саны 10-нан астам арнайы техникалар және 20-ға жуық жұмысшылар жұмылдырылған.

Бізге бөлінген қаржының көлемі — 18 млн 534 мың теңге. Екі айға келісімшарт бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қар аршуға арналған арнайы техникаларымыз бар. Айталық, қар итеретін трактор, автогрейдер, артында сыпырғышы бар трактор т.с.с. басқа да техникалар әкелінді. Барынша халықтың көңілінен шығуға тырысып, жолдарды кең етіп аршудамыз. Жұмысшылар таңғы 5-тен бастап жұмыстарына кіріседі. Алдымен қалада кептеліс болмас үшін автобустар мен көліктер жүретін басты жолдарды тазалаймыз. Қаланың өзімізге тиісілі барлық көшелерді тазартудамыз. Сонымен бірге ескі қаладағы тар көшелердің қарын далаға шығару жұмыстарын да жасап жатырмыз. Атап айтатын болсам, Есет батыр, Баймұханов, Амангелді т.б. көшелердегі қарды арнайы полигондарға шығардық. Бұл жұмыстар әлі жалғасатын болады. Өзіміз осы жерде туыпөскеннен кейін, қаламызға шын жанымыз ашиды. Барынша жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысудамыз. Тұрғындардың тарапынан ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтып жатқандар көп, — деді Ерболат Айсұлтан.

Ол сөз арасында қар тазалау жұмыстарына кейбір көше тұрғындарының кедергі келтіретінін де айтып қалды. Айтуынша, тұрғындар аулаларындағы қарды көшеге тасып, сыртқа шығарып тастайды екен. Ал бұл жол қозғалысына біршама кедергі келтіреді. «Жаңақоныс» пен «Болашақ» мөлтек аудандарын қардан тазалауды міндетіне «Өмірзақов Ақтан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ақтан Өмірзақов алған. Аталған аудандарды қардан тазалауға бюджеттен 4 339 610 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Кәсіпкерлік басшысы бүгінде жұмыс уақытылы атқарылып жатқанын айтты. Ал қаладағы жаяу жүргіншілер жолын тазалауды «Алмат» жеке кәсіпкерлігінің иесі Алмат Дүйсенов өз жауапкершілігіне алған. Бұл жолдарды тазалауға бюджеттен 800 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аталған қаржыға Қандыағаш қаласы бойынша 9 көшенің жаяу жүргіншілер жолы тазартылады.

Жұмысты қаңтар-ақпан айларында ғана жасаймыз. Себебі келісімшарт бойынша осылай болып тұр. Біздер бұл жолдарды аптасына бір мәрте тазалап жүрміз. Әрине, қар жауған сәтте тез тазалауға тырысамыз. Себебі тұрғындардың жүріп тұруына жағдай жасалу керек. Ал жер тайғақ болған сәттерде құм себу жұмыстарын жүргіземіз. Жолды аршуға арналған арнайы техникам бар. Екі адам жұмыс жасайды, — деді Алмат Дүйсенов.

ЕМБІ: АШЫҚ КОНКУРС АЯҚТАЛМАЙ ТҰР

Жыл басында Ембі қаласында қар тазалау жұмыстарының қарқыны аз болды. Оның өз себебі бар. Қар тазалау бойынша бірнеше мәрте мемлекеттік сатып алу порталына ашық хабарландыру берілген. Бірақ жұмыс жасауға ниетті жеке кәсіпкерліктер ашық конкурсқа түскенімен, түрлі қателіктер болып, конкурс болмаған. Бүгінде «Комсервис Актобе» ЖШС-мен екі ай мерзімге келісімшартжасалған. Аталғанмекемеқалакөшелерінің жолдарын тазалау жұмыстарын бастаған. Келісімшарт бойынша бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 3 млн 332 мың теңге. ЕндімердігермекемеЕмбі қаласының жолдарын күтіп ұстау, тазалау, құм себу, жөндеужұмыстарынатқаратынболады. Ембі қаласының әкімі Райымбек Мұсағали осы уақытқа дейін қала көшелерін тазарту демеушілік арқылы жасалғанын айтты.

Қала көшелерін тазарту бойынша мемлекеттік сатып алу порталына ашық хабарландыру берілді. Құжаттардың дұрыс еместігіне байланысты бірнеше мәрте кері қайтарылды. Жарияланған хабарландыруда қала тазалығы үшін бюджеттен 19 млн 995 мың теңге бөлініп отыр. Аталған хабарландырудың ашылуын күтпей, былтыр қала жолдарын тазалаған мекемемен келісімшартты созып, жұмыстанудамыз. Бүгінде олар қала көшелерін тазартуды бастап кетті. Осы уақытқа дейін қаламыздың ең басты көшелерін демеушілікпен тазарттық. Қаламыздың Мирамғали Шерниязов пен Албазар Шерманқұлов есімді азаматтар өз техникаларымен тазарту жұмыстарын жүргізіп, халық игілігі үшін қайырымды іс жасады. Олар қаладағы бастыкөшесаналатынЕсетбатыр, Абай, КМС, Желтоқсан, Елубаев, Тілепбергенов, Әміров, Жанесов, СМП-614, Жем көшелерін тазартты, — деді Райымбек Мұсағали.

Қала әкімі ақпанның 6-7 күндері соққан боранда тұрғындардың немесе әлеуметтік нысандардың зардап шекпегенін тілге тиек етті. Бірқатар көшелерде электр сымдары үзіліп, артынша қалыпқа келтірілген.

ЖЕМ: ЖОЛ БОЙЫНША МӘСЕЛЕЛЕР БОЛҒАН ЖОҚ

Ал Жем қаласының көшелеріндегі қарды тазалауға бюджеттен 4 млн 600 мың теңге бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Жұматай Бисенов айтты. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталына екі мәрте хабарландыру берілсе де, қатысуға ниеттілер болмаған. Осы уақытқа дейін қала ішіндегі үйілген қарды «Базис» ЖШС-і демеушілікпен 6 рет қырып, тазалаған.

Жыл басталғалы қалада жол бойынша мәселелер болған емес. Демеушілікпен болса да мүмкіндікке қарай жұмыстанып жатырмыз. Әкімдіктің араласуымен «КазГеоруд» және «Базис» ЖШС-і демеушілік жасады. Бүгінде жоғарыда аталған қаржыға қаламыздың кәсіпкері Нұрлыбек Сүндетовпен келісімшартқа отырып, жұмысты әрмен қарай жалғастырудамыз. «Сүндет» жеке кәсіпкерлігінің арнайы 4 техникасы бар. Аталған мекеме алдағы уақытта бір жыл бойы қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жол белгілерін қойып, сызып, өзге де жұмыстарын жасайтын болады, — деді қала әкімі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БАТПАҚКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

Ashyq жобасына 400-ден астам нысан қосылды

admin_mugalzhar

Анталияда Абай атындағы саябақ ашылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.