«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Су тасқынына дайындық қалай?

Жиын

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы Мәскеу, Береке, Есет батыр тұрғын алаптарын аралап, осы аумақтардағы қардан тазарту жұмыстарын қадағалады, сондай-ақ қала маңындағы арықтардың жағдайын қарап шықты. Аталған мәселелер облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында да сөз болды, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Онда облыстағы жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны мен табиғи өрттің алдын алу және оларды жою шараларына әзірлігі талқыланып, жауапты мамандар баяндама жасады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали  Жүнісовтің айтуынша, бүгінде облыста жалпы саны 11 мыңнан астам тұрғыны бар, ықтимал су басу аймағына жататын  36 елді мекен — қатаң бақылауда. Жергілікті атқарушы органдардың департаментпен бірге жүргізген  жұмыстардың нәтижесінде 21 елді мекенде су басу қаупі барынша азайтылды. Қазіргі таңда су тасқынының алдын алуда өңірде жалпы саны 1638 адам, 350 техника, 66 жүзу құралы мен 232 мотопомпадан құралған азаматтық қорғау қызметінің күштері дайын тұр. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға жанар-жағармай мен инертті материалдар қоры дайындалған.

— Көктемгі су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауды және нақты шешімді талап етеді. Біз су тасқынының алдын алуда әкімдіктермен бірлесіп әрекет ететін боламыз, — деді Н.Жүнісов.

Бұдан кейін отырыста көктемгі су тасқынының алдын алуда аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Қобда, Ойыл, Темір, Әйтеке би, Байғанин аудандарының әкімдері хабарлама жасады.

Олар аудан аумақтарындағы су басу қаупі бар облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен тұрғын үйлерге жүргізіп жатқан қауіпсіздік шаралары жайында айтып берді. Былтыр облыста Қобда және Ойыл аудандарында біраз үй суға кеткен еді, осы жағдайдың қайталанбауы үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға жеке-жеке тапсырмалар жүктеп, өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Жиында Ақтөбе қаласындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайын қала әкімі Азамат Бекет айтып берді.

1 ақпаннан бастап қала аумағындағы арықтарды, каналдарды қардан, мұздан тазарту жұмыстарын бастап кеттік.  Бұл жұмыстарға арнайы бригадалар, мердігер мекемелер жұмылдырылды. Көктемгі су тасқынына қарсы атқарылатын                       іс-шараларға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлініп, конкурс арқылы мердігер мекеме анықталды. Аталған қаржының 50 пайызы су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмсалса, 50 пайызы еріген қар және жаңбыр суын сорғылау жұмыстарына бөлініп отыр, — деген ол қала әкімдігі биылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға толығымен дайын екендігін жеткізді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Азамат Бекетке қала аумағында қар тазарту жұмыстарын күшейту керектігін, су тасқынының алдын алуда бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор екенін жеткізді.

— Қала аумағындағы елді мекендердің тұрғындары су тасқыны кезінде зардап шекпеу керек. Тұрғындардың мүлкі бүлінбеу қажет, адам шығыны болмауға тиіс. Өкінішке қарай, қала маңындағы саяжайларға тұрғын үй статусы берілген жоқ, оларда адамдар жыл бойы тұрып жатыр. Кейбір саяжайларда зәулім үйлер тұрғызылған. Су тасқыны кезінде осы үйлерді су баспау үшін тиісті жұмыстар жүргізу керек. Біз бүгін бірқатар тұрғын алаптарды аралап шықтық. Биыл қар көп жауды, соған сәйкесбұл бағыттағы жұмыстарға бөлінетін қаржы мөлшері де ұлғайды. Сондықтан алдымен қар шығару жұмыстары басты бақылауда болу керек, — деді облыс әкімі.

Отырыста облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу және өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасыбасшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелді биыл өңірімізде құрылысы жүргізілетін 4 орман өртін сөндіру станциясының жобалық сәйкестендіру құжаттары әзірленетінін, бұл мәселеде Қарағанды облысының тәжірибесін қолдану тиімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, аталған облыста құны 94 млн теңгеге құрастырылмалы модульдік өрт сөндіру станциясы  салынған.

Жиын соңында облыс әкімі жиналғандарға  өткен жылғы кемшіліктер бойынша тиісті шараларды қабылдап, су тасқыны қаупінің алдын алуда жан-жақты жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ сейсмикалық қауіпсіздік және өртке қарсы күресті барынша күшейтіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.

Ұқсас ақпараттар

Специальные пропуска выданы предпринимателям Мугалжарского района

admin_mugalzhar

Мұғалжар жылқысы — Ақтөбенің мақтанышы

admin_mugalzhar

МАССАЖИСТ ДИДАР АПАЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.