15 мамыр — Отбасы күні мерекесіне орай Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінде Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және Мұғалжар аудандық мәдениет үйімен бірлесіп «Отбасы құндылығы — сарқылмас қазына» атты спорт мектебінің тәрбиеленушісі дзюдо күресінен облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Ләззат Жұмалының анасы көпбалалы ана Айнагүл Тасмағанбетовамен кездесу кеші өтті.
Кездесуге Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қарасай Омаров, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Шамшат Абдірзақов және спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Кездесу барысында көпбалалы ана Айнагүл Тасмағамбетова өзінің отбасылық өмірі туралы баяндап, болашағынан зор үміт күттіретін спортшы қызы Ләззаттың жетістіктеріне тоқталып естеліктерімен бөлісті. Бүгінгі таңда жолдасы өмірден өткен көпбалалы жалғызбасты ана 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр. Оның ішінде қызы Ләззат пен ұлы Иманғали Тасмағанбетов спорт мектебінің дзюдо бөлімінде жаттықтырушысы Гүлмира Сағидан тәлім алады.
Кездесуде Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қарасай Омаров жиналғандарды Отбасы күні және Аналар күні мерекесімен құттықтап, көпбалалы ана Айнагүл Тасмағанбетоваға спорт мектебінің ұжымы және кәсіподақ ұйымының атынан естелік сыйлықты табыстады. Көпбалалы анаға аудандық мәдениет үйінің атынан гүл шоғы мен естелік сыйлық берілді. Сонымен қатар дзюдо күресінен облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Ләззат Жұмалы мен Қарақат Досованы, пауэрлифтингтен облыстық жарыстың жеңімпазы Бекарыс Аманғосты ҚР Спорт шеберлігіне үміткер куәліктерімен марапаттады.
Ал музей директоры Шамшат Абдірзақов мерекеге орай ұйымдастырылған көпбалалы ананың отбасына бақыт пен береке тілеп, жас спортшыларға спорттық жарыстарына сәттілік тіледі.
Кездесуде аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Ана», «Әке» туралы әндерді орындап жиналғандардың қошеметіне бөленді.