«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тазалық — ортақ талап

Ақтөбеде «Таза су айдыны» акциясы өтті. Аталған іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Ақтөбе су қоймасының аумағында өткізілген акцияға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының, «Ақтөбе балықшылары» еріктілер қозғалысының, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының, Amanat партиясы облыстық филиалының мүшелері қатысты.
— Қазір мұнда «Жасыл елдің» 80-ге жуық жауынгері жұмылдырылып отыр. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағы мұндай акцияларға жиі қатысып, атсалысамыз. Өзіміз де ұйымдастырамыз. Бұған дейін «Таза қала — таза жағалау» акциясы аясында Елек, Қарғалы өзендерінің маңын қоқыстан тазартқан болатынбыз. Елек өзенінің жағалауын тазалауға 100-ге жуық адам қатысып, 8 тонна қоқыс шығарды. Ал Қарғалының бойынан 7 тонна қоқыс жинадық. Мұндағы іс-шараға 200-ден астам адам жұмылдырылды. Ал мұнда, Ақтөбе су қоймасының аумағында, қоқыс тіптен көп.
Жалпы қала тұрғындары тазалыққа бейжай қарайды. «Таза орман» акциясы аясында Алтын орда шағын ауданындағы тал-теректерді тазаладық. Сонда 16 тонна қоқыс жинадық. Мұның бәрі — құрылыс материалдары. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 ай бойы қоқыс полигонында күл-қоқыс тегін қабылданады. Соның өзінде тұрғындар қоқысты қалаға лақтырып жатыр, — дейді облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары төрағасының орынбасары Артур Әзиев.
Оның айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ұйытқы болуымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында су тасқынынан зардап шекккен оннан астам отбасына көмек көрсетілген. Жасақтар тыл ардагерлерімен бірге тұрмысы төмен жалғызбасты әкелер мен аналарға да қолдау көрсетіп, үйлерін жинап, ыдыстарына дейін жуып береді екен. Бұлақтардың айналасын тазалауды да міндеттеріне алыпты.
Биыл — «Жасыл ел» еңбек жасағының құрылғанына 20 жыл.
— Соның құрметіне «Ұрпақтар сабақтастығы» іс-шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. «Жасыл елде» бұрын жұмыс жасағандар бүгінде түрлі салада жемісті қызмет етіп жатыр. Мысалы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова — «Жасыл елден» қанат қақты. Мақсат — алдыңғы буын өкілдерінің еңбек жолын жастарға үлгі ету. Қазан айында «Жасыл ел» еңбек жасағының 20 жылдығы аталып өтіледі. Онда үздік сарбаз, үздік оқу орны, үздің жұмыс берушілер марапатталады, — дейді Артур Әзизов. «Жасыл ел» еңбек жасағы сәуір-желтоқсан айларында жұмыс істейді. Жазғы каникул кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер еңбек етеді. Күзден бастап жұмыссыз жастар жұмысқа тартылады. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағында 16-35 жастағы жастар алынады. Олар негізінен бір ай ғана жұмыспен қамтылады. Мамыр айында облыс бойынша 560 жасты жұмысқа орналасқан. Оның 450-і — Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жатыр, 70 жас резервте тұр.
— «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы үш бағытта ұйымдастырылады: көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс отрядттары. Көгалдандырудың жасақтарына — 130 мың теңге, абаттандыру бағытында еңбек ететін жастарға — 145 мың теңге, ал құрылыс отрядтарында жұмыс істейтіндер үшін 160 мың теңге төленеді. Айта кету керек, бұл — түрлі төлемдер үшін ұсталғаннан кейін нақты алатын жалақы көлемі. Құрылыс отрядтарына 19-20 жастағы жоғары курс студенттері алынады. Жалақы жақсы төленетін болғандықтан, «Жасыл елде» жұмыс жасауға ықыласты жас көп, — дейді облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары төрағасының орынбасары Артур Әзиев.

Ұқсас ақпараттар

МЕДИАЦИЯ: РЕШАЕМ КОНФЛИКТЫ ПО-НОВОМУ

admin_mugalzhar

Қазақстанда 26 градусқа дейін аяз болады

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ БАСКЕТБОЛШЫ ОҚУШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.