Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев облыс тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы айтып берді.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев облыс тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы айтып берді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында 320 елді мекеннің 283-і (88,4%) немесе 921 мың адам (99,2%) ауыз сумен қамтамасыз етілді, 37 ауыл су ұңғымасын пайдаланып отыр.
Биыл 26 жобаны жүзеге асыру үшін 8,3 млрд теңге қарастырылған. Яғни, 15 ауыл – орталық су жүйесімен қамтылады, 2 ауылға кешенді блок модуль (КБМ) орнатылады. 9 елді мекенде қайта құру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы Жаңа ауыл-1, Жаңа ауыл-2, Жаңа ауыл-3, Сарбаз, Ақжар плюс, Ақшат-2, Ақшат-3, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Бауырластар-3 және Бауырластар-5 тұрғын алаптарын сумен қамту үшін 5 маңызды жоба әзірленген. Соның екеуі, яғни Сарыбұлақ және Моисеев сорғы станциясының құрылысы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алынды, республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылған. Бұл жобалар іске асырылса, Ақтөбе қаласы тәулігіне қосымша 70 мың текше метр сумен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жоғарыда аталған тұрғын алаптарды сумен жабдықтау мәселесі шешіледі.
«Барлық жобалардың жүзеге асуын бақылауда ұстау керек. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету – бірінші кезектегі мәселе. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізуді тапсырды. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай Ақтөбе облысындағы 300 елді мекен немесе 926 мың адам тіршілік нәріне қол жеткізеді. Осылайша, сумен қамту 99,8%-ға жетеді», – деді өңір басшысы.