Мұғалжар ауданының көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарының алғашқы легі жаңа үйлердің кілттерін алды.
Аталған үйлер Әлидар Өтемұратовтың DAR Charity қоғамдық қорының қаражаты есебінен сатып алынған.
«28 наурызда Жем өзені тасып, соның салдарынан үйіміз суға кетіп қалған. Тұруға жарамсыз болып қалып еді. Содан осы DAR қорының қолдауымен бізге Қандыағаш қаласынан өз ойымыздағыдай қолайлы үй алып беріп жатыр. Көмек көрсетіп жатқанына көп-көп рақмет. Үй өте керемет, өзіміздің ойымыздағыдай, жарық, кең, жайлы үй таңдап алып беріп жатыр. Қорға осы көмек көрсетіп жатқаны үшін алғысым шексіз. Міне, енді көшіп келіп жатырмыз», — деді Шенгелші ауылының тұрғыны Болат Махамбетов.
Қор сатып алған тұрғын үйдің орташа ауданы шамамен 130 шаршы метрді құрайды. Ең кішкентай үйдің ауданы — 70 шаршы метр, ал ең үлкені – 183 шаршы метр. Зардап шеккен тұрғындар жаңа тұрғын үй таңдау процесіне тікелей қатысты.