“Алатау” сауда орталығында Мұғалжар аудандық жастар ресурстық орталығының «NEW 3 DAY» атты авторлық жобасының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев ашып берді. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жаңа бастамамен құттықтады.
Бұл жобаға аудан аумағындағы 16-35 жас аралығындағы NEET санатына жататын 60 жас қатысып, заманауи төрт түрлі мамандық бойынша курстан өтеді. Олар — мобилография, мakeup-визажист, онлайн сауда, және қызметтік сайттар. Қатысушыларды осы аталған салалардың мамандары мен спикерлері оқытады. Атап айтатын болсақ, мобилография бойынша Ақтөбе қаласының жас мобилографы Еркеұлан Ерболатұлы, Makeup-визажист бойынша Инара Кулманова, онлайн сауда бойынша осы салада қызмет жасап жүрген Наталья Мукашева, ал қызметтік сайттар бойынша мансап орталығының маманы Ақмарал Тулешова оқытатын болады. Курс соңында оқуға қатысқан жастарға сертификаттар табысталады.
Орталық мамандары аталған жобаның мақсаты жастарға мамандық таңдау кезінде бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктеріне көмектесіп, қосымша заманауи мамандықтармен жұмыс жасап, алға қарай дамуына үлес қосу екенін айтты.