2024 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 895 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ. сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
2024 жылы мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 895,3 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 648,8 мың адам қамтылды.
Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2024 жылы республикалық бюджеттен барлығы 64 млрд теңге сомаға 378,1 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
-Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақыны 41,6 млрд теңге сомасына 126,3 мың адам алды, — делінген ақпаратта.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.
Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
— бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
— бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
— екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
— үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.