Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия — қаһармандық дастаны» атты тақырыптық экскурсия мен деректі фильмдер көрсетілімі өтті.
Жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру, батырлардың өмір жолын насихаттау және тарихи жадыны сақтау мақсатында өткізілген іс-шараға Ақтөбе қаласындағы №21 мамандандырылған гимназияның оқушылары қатысты.
Қатысушыларға музей қызметкерлері Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі жайында мәліметтер берді.
— Әлия туралы қызықты мәліметтер білдім, батырдың қай мектепте оқығаны, соғысқа қай жерден аттанғаны, құралайды көзге атқан мерген болғаны, ерлігі, Отан үшін жанын қиғаны — барлық мәлімет өте әсерлі болды, батыр апамыздың ерлігі — бізге үлгі,
— дейді аталған мектептің 5-сынып оқушысы Ханна Жасқайрат.
Оқушыларды алып келген мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Коленкина бұл іс-шара мектеп оқушылары үшін тәрбие сағатының бір бөлігі болғанын айтады.
— Мектебімізде Жеңістің — 80, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Ерлік сабақтары» тақырыбында тәрбие сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы тәрбие жұмыстары аясында оқушылар Әлия музейіне келіп, батырдың өмірі мен ерлігі туралы ақпараттармен танысып жатыр. Өткен сенбіде музейге 2 «Б» сыныбы оқушылары келіп, Әлияның туыстарымен кездесті. Мектебіміздің 2-сынып оқушысы Қайсар Құдайберген «Әлияның атын шығарған тұлғалар» атты ғылыми жоба әзірлеп, ғылыми жобалар байқауына қатысты,
— дейді ол.
Музей директоры Жанар Мақсұтова жөндеу жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталған музейге келушілер қатары 2-3 есе көбейгенін айтады.
— Әсіресе оқушылар, балалар белсенділік танытуда. Қала тұрғындары, шаһарымыздың қонақтары да күн құрғатпай келіп жатыр. Музей залының экспозициясында қойылған AR-технология, VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, «Визуализация», цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, Әлияның хат жазып отырған голограммасы, «3D анимация» голографиясындағы виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, виртуалды тур, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск келушілерге ерекше әсер ететіні айқын,
— дейді ол.
Іс-шара барысында оқушыларға Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм көрсетілді.
@emergovkz / t.me / insta / fb / tiktok