Аудандық «Мұғалжар» газеті – жергілікті халықтың тыныстіршілігін, маңызды оқиғаларын, тарихи және мәдени мұраларын кеңінен қамтып отырған беделді басылым. Газет арқылы аудан тұрғындары өз ауыл-аймағындағы жаңалықтардан дер кезінде хабардар болып отырады. Мақалалары мазмұнды, тілі жатық әрі тартымды жазылады.
Өз басым газетті мектеп жасынан бастап оқып келемін десем, қате айтқандығым емес. Сонау мектеп жасындағы Нұрболдан бастап осы күнге дейін шығармашылығымдағы жаңалықтарды, сыр-сұхбаттарды, өлеңдерімнің топтамасын мерзімді жариялап отыратын жаныма жақын басылым. Менің өнерімді кеңінен танытуға өз үлесін қосып жүрген газет ұжымына қашан да алғысым зор. Жазарман һәм оқырман ретінде де үстелімнің үстінде тұратын бірден бір басылым, осы – біздің «Мұғалжар».
Бұл газет тек жаңалық таратумен шектелмей, жастарды тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, еңбек адамдарын үлгі ету сынды бағыттарда да маңызды рөл атқарады. Әсіресе, ауданымыздағы қала және ауыл өмірін шынайы суреттеуі – басылымның басты құндылығы. Газетте еңбек етіп, қалам тербеп жүрген барлық тілшілерді үздіксіз оқып тұрамын. Журналист болу – ерекше қасиет. Қазір әлеуметтік желілерде блогер қаптаған заманда осындай білікті тілшілердің еңбектері көлеңкеде қалмаса екен деймін… себебі, халықтың санасының деңгейін нені оқып жүргенімен өлшеуге болады.
Сөз барысында аудан жұртшылығының үніне айналған Мұғалжар газетінің ұжымын, журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жазар көбейсін деп тілек айтқым келеді. Шынайылық пен сенімділіктің символы болып қалыптаса беріңіздер!
Нұрбол ЫБЫРАЕВ, мұғалжарлық ақын
Алдыңғы