«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«БАСТЫСЫ – БІР ОРЫНДА ТҰРЫП ҚАЛМАУ»

Бұл — өмірге құштар жас Ұлболсын Ахметованың өмірлік ұстанымы. «Өзіңді дамытқан сайын, өзіңе деген құрметің де артады» деп білетін ол адам ең бастысы, өз-өзімен келісімде өмір сүру керек деп біледі. Ал дүниеге келгенде қойылған диагноз да, кейін жанына жара салған көпшіліктің мүсіркеуі де, уақыт өте өмірге деген құлшыныс пен алға ұмтылыстың тасасында еленбей қалатынына көзі жеткен.
Ұлболсын бүгінде 21 жаста. Ол мүгедектер қоғамына алғаш рет 18 жасында “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы арқылы келген. Сол кезде тігінші-дизайнер мамандығы бойынша еңбек етіпті.
Бір жылдық тәжірибем аяқталған соң, Шымкент қаласына кеттім. Онда біраз уақыт жұмыс істеп, өз-өзімді тануға мүмкіндік алдым. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты Қандыағашқа қайта оралдым, — дейді өзі. Қайтып келген соң Ұлболсын мүгедектер қоғамына жұмыс сұрап қайта келеді. Бұл жолы да жас қызды жылы қарсы алып, жаңа бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Содан бері ол қолөнер ісімен айналысып, гипстен түрлі бұйымдар жасап келеді.
Қазір гипстен айшықтар, түрлі кәдесыйлар, жинақ қораптар (копилка) мен интерьерлік әшекейлер жасаймын, түрлі мерекелік тапсырыстар қабылдаймын. Тұрақты тапсырыс берушілер де бар. Бұйымдарым көрмелер мен жәрмеңкелер сөрелеріне де қойылып жүр, — дейді Ұлболсын.

Бүгінде жас шебер ірі көлемдегі Ақтөбе қаласында өтетін жәрмеңкеге дайындалып жатыр.
Бұйырса, сол шараға қатысып, өз туындыларымды көпшілікке ұсынбақпын. Қазір соған қызу дайындық үстіндемін, — деп жұмыстарын көрсетті.

Айтуынша, гипстен бұйым жасау кәсібіне келуінің де өз себебі бар. Бірде оған «осы неге гипсті қолданып, қолөнер бұйымдарын жасап көрмеске?!» деген ой келеді. Сөйтіп онлайн курс сатып алып, барлық қыр-сырын үйреніп алады.
Кәсіп бастаған алғашқы күндері де оңай болмады. Алғашқы тапсырысымды жасағанда, өнім бірден шықпай, қайтақайта бұзылып кетті. Тіпті бір рет дайын құйманы апара жатып төгіп алып, қат-ты жылағаным бар. Сол түні қайта жасап, таң ата әрең бітірдім. Бірақ сол сәт мені шыңдады, төзімді болуға үйретті, — дейді Ұлболсын.
Бүгінде сүйікті кәсібіне айналған ісіне жас шебер үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Тапсырыстарымды әрдайым уақытында, кейде тіпті мерзімінен бұрын бітіріп беремін. Ешқашан кешіктірген емеспін. Ең қиын тапсырысым ораза кезінде болды. Айшық түріндегі тапсырыстар көп болып, үлгермей қиналған сәттерім де болды. Бірақ уәде еткен күніне дейін түнімен отырып жасап шықтым, — дейді ол.
Ұлболсын материалдарын Қандыағаш қаласындағы жергілікті дүкендерден алады.
Бірде аудандық үлкен іс-шараға қатысқанымда аудан әкімі мені байқап, отандық өнім — гипстің бір үлкен қабын сыйлаған еді. Сол материалды мен біраз уақыт пайдаландым, мен үшін кәдімгідей үнем болды, — дейді күлімсіреп.
Шығармашылығында жаңашылдыққа ұмтылатын Ұлболсын уақыт өткен сайын жаңа қалыптар әкеліп, клиенттерін қызықтырып отырады.
Тек бір айшық немесе бір үлгідегі бұйым жасап отырсам, жұрт та жалығып кетеді деп ойлаймын. Сол себепті үнемі жаңа формалар, ерекше идеялар енгізіп отырамын, — дейді өзіне талап қойғыш шебер.
Қазіргі таңда ол өз ісінде жетістіктерге жетіп, аудандық және облыстық деңгейде бірнеше рет Алғыс хаттар мен дипломдарға ие болған. Отбасында бес қыздың кенжесі болған Ұлболсын бүгінде анасымен бірге тұрады.
Кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Би билеп, ән айтқанды жақсы көремін. Мектеп кезінде түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Кейін колледжге түсіп, жұмысқа ерте араластым, — дейді ол. Ұжымдастары мен басшысы туралы сұрағанда, Ұлболсын олардың жылы қабағын ризашылықпен жеткізді.
Ұжымдастарым өте керемет, бәрі ақкөңіл, бір-бірімізге әрдайым қолдау білдіреміз. Біріміз жыласақ жылап, қуанышымыз болса бірге қуанамыз. Әлия Умарова апайыма үлкен алғыс айтамын. Ол кісі менің жұмысымды әрдайым насихаттап, көрмелерге шығарып, тапсырыс табуға көмектесіп жүреді. Осындай қамқор жандардың арқасында менің де кәсібім дами түсуде, — дейді өнерлі жан ризашылықпен.
Болашаққа сеніммен қарайтын Ұлболсынның жоспары айқын. Бір іспен тоқтап қалғысы келмейтін оның идеялары да жетерлік.
Өзімді кәсіптің басқа қырларынан да сынап көргім келеді. Келесі жылы мемлекеттік грантқа қатысып, кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Армандар көп, бәрін жүзеге асыратыныма сенемін, — дейді ол.
Әңгімеміздің соңында кейіпкерімізден денсаулығыңа байланысты белгілі бір шектеулер болса да, өмірге деген қөзқарасының өте позитивті екенін байқадық. Оның осындай қиындықтарға да қарамастан мықты болуға үйреткен жағдайлармен бөлісуін сұраған едім. –
Менің диагнозым туғаннан бергі церебралды сал ауруы. Яғни бір аяғым екіншісінен сәл қысқа. Бұл диагнозды мектепке бармай тұрып білдім. Бала кезімде айналамдағы адамдардың көзқарасынан қорқатынмын. Кейбірі жабайы адам көргендей қарайтын, ал үлкен кісілер аянышпен қарап, басқаша көзқарастарын білдіретін. Сол кезде қатты қысылатынмын, — дейді ол. Бірақ уақыт өте келе ол өзін және өмірін қабылдауды үйренді.
«Уақыт — емші» дейді ғой, расында солай. Мектеп кезімнен бастап ойымды өзгерттім. Бұрын сана-сезімімді өз диагнозыма бұрып қоятын едім, ол менің алға жылжуыма үлкен кедергі болды. Кейін ойымды басқа нәр-селерге аударып, қоғамдық жұ-мыстарға, өнерге бет бұрдым. Өзім сияқты тағдырлас жандармен араласып, ортамды кеңейткен соң өмірге көзқарасым түбегейлі өзгерді, -дейді жас шебер.
Ұлболсынның айтуынша, ең бастысы өз-өзінді қабылдап, қозғалысты тоқтатпау.
Мектеп кезінде қиындықтар болды, бірақ өз-өзіңмен жұмыс істеп, қандай болсаң да сол қалпыңды қабылдай біл-сең, бәрі өзгереді. Ең бастысы – бір орында тұрып қалмау керек. Өзім сияқты жандарға айтарым: өз тағдырыңды қа-былдаңдар, өз өмірлеріңе ың-ғайлы жағдай жасауды үйреніңдер. Қозғалыста болыңдар, жаңа орта тауып, жаңа нәрселерді жасап көріңдер. Сол кезде өзіңді қоғамға керек адам сезінесің. Өзіңді дамытқан сайын өзіңе деген құрметің де арта түседі, — деп аяқтады өз ойын.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«ЖЫЛ ҮЗДІГІ — 2023» АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Музей. И.Савицкий – Құмдағы Лувр

admin_mugalzhar

Ақтөбе — Нүкіс әуерейсі қашан іске қосылатыны белгілі болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.