«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАЛ АЗЫҒЫ: ШАРУАЛАР ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҒА АЛАМА?

АМАНДЫҒЫН МАЛ-ЖАНЫНАН БАСТАП СҰРАЙТЫН ҚАЗАҚҚА ТӨРТ ТҮЛІГІН ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҒАРУ – БАСТЫ МІНДЕТ. СЕБЕБІ, МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН КҮН КӨРЕТІН БІЗ ҮШІН БҰЛ ЕҢ ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢ. ӘНЕ-МІНЕ ДЕГЕНШЕ, ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТКЕН ҚЫС ТА КЕЛЕДІ. ОСЫ ОРАЙДА ӨРІСКЕ МАЛ ӨРІТКЕН АУДАН ШАРУАЛАРЫ БИЫЛҒЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА? ЖЕМ-ШӨБІ ТОЛЫҚ ТҮСІРІЛДІ МЕ? БҰЛ ТАҚЫРЫП ТӨҢІРЕГІНДЕ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

214 600 ТОННА ШӨП ШАБЫЛДЫ
Төрт түлікті шығынсыз шығару үшін шаруалар жем-шөп қорын мейлінше артығымен жинауда. Аудан көлемінде қысқа түсетін жалпы мал басының саны — 132 560. Оның ішінде ірі қара саны – 71 000, қой мен ешкі саны – 140 000, жылқы саны — 47 000, түйе саны – 560 бас. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбетовтың айтуынша, осы жылы аталған төрт-түлікті қыстан аман алып шығу үшін аудан бойынша 213 700 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінде жоспар артығымен орындалып, 214 600 тонна шабылған шөп қажетті жерлерге тасылған.
Бүгінгі аудан бойынша 3500- ге жуық адам аулада мал ұстайды. Бүгінде шабылған шөптің 109 900 тоннасы қыстаққа, 104 700 тоннасы жұртшылыққа тасылды. Шөп шабу жұмыстарына 106 бригада, 329 арнайы техника жұмылдырылды. Атап айтатын болсам, 127 трактор, 43 прицеп және 159 шөп дайындау агрегаттары тартылды, — деді Бауыржан Жолмағанбетов.
Оның сөзінше, биылғы жаз шаруалар үшін жайлы болған. Жаңбыр да молынан жауып, шөп шығымы шұрайлы болыпты.
Өздеріңіз көріп отырғандай, осы жылы мал азығы артығымен жиналды. Шаруаларға күн де қарасты. Шабындық жерлердегі шөптер қалың болды. Аудан аумағында шабылған шөптер аудан жұртшылығын толығымен қамтамасыз етті деп айта аламын. Ауылда тұратын жеке адамдар өздері қам жасап, белгіленген жерден шөп орып, малына азық жинады. Шөп шауып, кәсіп қылатын кәсіпкерлер көршілес аудан халқына сатты. Біздің ауданға да келіп сатқандар болды. Осы маусымда аудан аумағында сатылған шөптің бір тюгінің бағасы орташа есеппен 500-600 теңгеден, оралған бір буманың бағасы 5000-6000 теңгеден болды, — деді бөлім басшысы.
Ол аудан аумағында мал азығының бағасын қымбаттатпау үшін шаруашылықтармен тығыз байланыста жұмыс жасап, жемшөптің бағасы үнемі бақылауда болғанын тілге тиек етті.

6000 ГЕКТАР ЖЕРГЕ МАЛ АЗЫҒЫ ҮШІН ДӘНДІ-ДАҚЫЛДАР ЕГІЛГЕН
Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің мамандары осы жылы аудан бойынша 6 мың гектар жерге мал азығы үшін дәнді-дақылдардың себілгенін айтты. Егін егу жұмыстары мамыр айының басында басталып, бүгінде толығымен орылып алынған. Осы жазда ауданда егін егу жұмыстарын 4 ЖШС-і, 21 шаруа қожалығы және 6 жеке кәсіпкерлік қолға алған. Көктем айында басталған егістік жұмыстарына жалпы саны 49 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 30- ы трактор, 10-ы тұқым сепкіш, 13- і жер өңдеу техникалары.
Көктемгі далалық жұмыстарының егіс құрылымына сәйкес аудан бойынша 4 200 гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Оның 500 гектарына күзгі дақыл егілсе, 1 690 гектарына бидай, 1710 гектарына арпа, 300 гектарына құмай себілді. Ал мал азығы дақылдары бойынша 6 000 гектар жерге біржылдық және көп жылдық шөптер егілді. Атап айтатын болсам, оның 4000 гектары біржылдық, 2000 гектары көпжылдық шөптер. Сонымен бірге өткен жылдарда егілген көпжылдық шөптер көлемі — 23 120 гектар, — деді ол.
Ауыл шаруашылығы мамандары өткен жылы егін өнімінің мол болғанын жеткізді. Тәуекелге бел буып, қара жерге тұқым тастағандарға биыл да табиғат жылы қабақ танытып, жаз жаңбырлы, жайлы болған. Мамандар биылғы егіннің бітік шығып, шаруалардың еңбегі ақталғанын баяндады. — Мемлекет тарапынан егін егетін шаруаларға Ақтөбе қаласындағы «Батыс-Жер» мен «АЗС Лидер» ЖШС-тері арқылы қажетті арзандатылған дизель отыны бөлінді. Айталық, жанар-жағармайдың нарықтағы бағасы 300 теңге болса, gosagro.kz мемлекеттік порталы арқылы өтінім беріп, дизель отынын 235-255 теңгеден алды, — деді ол.

АУЫЛ-АЙМАҚ ҚЫСҚА ДАЙЫН
Қыстың қамын жазда ойлаған ауыл шаруалары бүгінде мал азығын дайындап, қысқа сақадай сай отыр. Оны ауыл-аймақтарға хабарласып, қысқы маусымға дайындықтарын сұраған сәтте білдік. Бүгінде Еңбек ауылдық округінің шаруалары қыстың маусымға қажетті жем-шөпті жинап алған. Ауыл әкімі Аманбай Каюпов алдағы уақытта ауыл тұрғындарын да шөппен қамтамасыз ету жұмыстары толыққанды жүргізілетінін жеткізді. Ал Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Андакулов округ аумағында биылғы шөптің түсімі орташа екенін жеткізді. Бүгінде 20-дан астам шаруа қожалығы қыс-қы мал азығын дайындаған. Құмжарған ауылдық округінің әкімі Қанағат Қалиев округ бойынша 4 мыңнан астам ірі қара, 8 мыңға жуық қой-ешкі, 1500 бас жылқы барын, оларды қысқы мал азығымен қамтамасыз ету үшін 7 мың центнерге жуық шөп қажет екенін, бүгінде шаруа қожалықтары мен жалпы жұртшылық қысқа дайын екенін айтты. Сонымен бірге ауылда мал ұстайтын 300 үйдің барлығына дерлік шөптің түсірілгенін мәлімдеді. Батпақкөл және Ақкемер ауылдық округінің шаруалары шабындық жерлердің шөбін түгелдей шауып, тасып алған. Талдысай ауылдық округі бойынша 15 тонна шөп шабылған. Оның жартысы ауыл тұрғындарына, жартысы қыстаққа тасылған. Ауыл әкімі Айбек Мұханов округ бойынша 3181 ірі қара, 7882 ұсақ мал, 2514 жылқы, 397 ешкі, 923 құс барын жеткізді. Ол ауылдағы шаруа қожалықтары мен жұртшылықтың қыстан қысылмай шығатынына сенімді.
Ауыл тұрғындары шөптің 1 тюгін 500 теңгеден сатып алды. Ал көрші ауылдарға басқа көрші ауылдарға 600-700 теңгеден сатты, — деді ауыл әкімі.
Ал Жұрын ауылдық округі бойынша қысқы мал азығын дайындау кезінде 15,5 тонна жем-шөп дайындалған. Ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев биылғы жылы шөп шығымының жақсы, мол болғанын жеткізді. Жұрында бір бума шөптің бағасы 600 теңгеге сатылған. Тұрғындар мен шаруа қожалықтары жем-шөпті жеткілікті мөлшерде жинап алған. Біз хабарласқан өзге ауыл әкімдері де келер қысқа дайын екендерін айтып, қысылмай шығатындарына сендірді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Вирусная подготовка

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты

admin_mugalzhar

Меккеге жаяу жолға шыққан азамат қазақстандықтарды тәнті етті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.