ЕЛДЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ БАНКРОТТЫҒЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНГЕЛІ ЕЛІМІЗДЕ 45 200 АЗАМАТ БАНКРОТ ДЕП ТАНЫЛҒАН. КЕШІРІЛГЕН ҚАРЫЗДЫҢ ЖАЛПЫ СОМАСЫ — 180 МЛРД ТЕҢГЕ. НЕГІЗІ ТҮСКЕН ӨТІНІШ САНЫ 290 МЫҢНАН АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ. ОЛАРДЫҢ ШАМАМЕН 70 ПАЙЫЗЫ МАҚҰЛДАНБАҒАН. ОСЫ САНАҚТЫҢ ІШНДЕ БИЫЛ ӨЗІН БАНКРОТ ДЕП ТАНУҒА ӨТІНІШ ТҮСІРГЕН 565 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТА БАР.
565 ТҰЛҒАДАН ӨТІНІШ ТҮСКЕН
Аудандық кірістер басқармасы мамандарының берген мәліметіне қарасақ, жыл сайын өзін банкрот деп тануға өтініш берушілердің саны артқан. Айталық, өткен жылы 232 мұғалжарлықтан өтініш түскен. Оның 45-і ғана банкрот деп танылыпты. Өтініш берген 187 жеке тұлғаның өтініші қабылданбай, банкроттықтан бас тартылған. Ал 2025 жылы бұл сан екі есеге артып, қарызға батқан 565 тұлғадан өтініш түскен. Оның ішінде 45 өтініш бойынша соттан тыс банкроттық рәсімі басталып, бүгінге дейін 28 борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылданған. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдау шарттарына сәйкес келмеуіне байланысты 492 өтінішті банкротқа жіберуге бас тартылған.
—Бүгінде өзін-өзі банкрот деп жариялау үшін біздің мамандардан кеңес алатындардың қатары күн сайын артып келеді. Қазіргі уақытта бірқатар тұлғалардың банкрот рәсімі қаралуда. Банкрот деп танылуға өтініш білдірген азаматтарға заңмен бекітілген тиісті талаптар қойылады. Жеке тұлғалардың банкроттығы дегеніміз – кредиттер мен микроқарыздарды төлеу міндеттемелерін орындауда қиындыққа тап болған азаматтар үшін кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелерді реттеудің Заңмен белгіленген тәсілі. Соттан тыс банкроттыққа өтінім беру үшін қарыз алушының жалпы берешегі 1600 АЕК-тен аспауы керек. Сондай-ақ келесі шарттар орындалуы тиіс: Олар 12 ай ішінде қарыздар бойынша өтем жасалмаған болуы керек. Сонымен бірге борышкерге қатысты берешекті өндіріп алу рәсімі мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде жүргізілген болуы тиіс және өтінім берілген уақытқа дейін банкроттық қарыз алушыға 7 жыл ішінде қолданылмаған болуы да маңызды. Бүгінгі күні жұмыс атқарып жатқан банкроттық бас-қарушылар, аудиторлар, заң кеңесшілер мен кәсіби бухгалтерлер тарапынан қаржылық басқарушылар тізілімі қалыптастырылуда. Сонымен бірге ақпараттық жүйенің прототипі әзірленіп, оның тестілеу мен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, — деді аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Сержан Уаисов.

Оның сөзінше, егер берешек 5 жыл не одан да көп уақыт бойы өтелмеген болса, ол соттан тыс банкроттыққа өтінім бере алады. Егер қарыз алушы 6 ай кезеңде атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса, онда ол кешіктірілген мерзім есебінсіз банкроттықты қолдануға өтінім беріп, өтінім қолданылғаннан кейін «Банкрот» мәртебесін ала алады.
БАНКРОТТЫҚ ҮШ РӘСІМ БОЙЫНША ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Аудандық кірістер басқармасының мамандары банкроттық туралы заң үш рәсім бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. Олар — соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
— Бірінші рәсім саналатын соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылады. Бұл рәсімді қолдану үшін банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы қажет. Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі, мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы қажет. Сонымен қатар Заң жобасында 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін, 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Соттан тыс банкроттық «Электронды қ үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады, — деді Сержан Уаисов.
Ал қарызы 5,5 миллион теңгеден асатын тұлғалар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығының мақсаты — банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.
—Борышкердің жалғыз тұрғын үйі кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары, айталық, заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар жүргізе алады. Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды, — деді Сержан Шабайұлы.
ЗАҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕРІС
Борышкер азаматқа банкрот деп танылғаннан кейін түрлі шектеулер қойылады. Айталық, банкрот деп танылған азамат 5 жыл бойы несие немесе түрлі займдардан қаржы ала алмайды. Сондай-ақ 7 жыл бойы қайта банкрот бола алмайды. Сондайақ үш жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады. Мамандар банкрот деп танылған азаматтан алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектері есептен шығарылмайтынын жеткізді. — Негізгі заң жобасынан басқа, 5 Кодекс пен 11 Заңдарға өзгертулерді көздейтін ілеспе заң жобасы қаралды. Азаматтық кодексіне Қазақстан Республикасының азаматына қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдерін қолдануды көздейтін нормалармен толықтырылатын болады. Азаматтық іс жүргізу кодексінде қамтылған ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер тізбесі азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы туралы іспен толықтырылатын болады. «Микроқаржы ұйымдары туралы», «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қаржы басқарушысына азаматтардың мүлкі және міндеттемелері туралы мәліметтер алу құқығын беретін толықтырулар енгізілетін болады, — деді ол. Сержан Шабайұлы.
«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңына нақтылау сипатындағы бірқатар толықтырулардың барын тілге тиек етті. — Сенат депутаттары мақұлдаған үшінші заң жобасы — «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзышылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасының мақсаты – заң нормаларын бұзғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершілігін белгілеу. Мысалы азаматтың кредиторлар алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында банкроттық туралы арыз бен әдейі өтініші үшін, соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті жасырғаны үшін айыппұл көзделген. Сонымен бірге сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына да жауапкершілік енгізілді. Жалпы, ұсынылып отырған нормалар осы саладағы заңды қатаң сақтауға бағытталған, — деді аудандық кірістер басқарамасы басшысының орынбасары.
ҚАРЫЗЫМНАН ҚҰТЫЛСАМ…
Мақала дайындау барысында біз қарызға батқан бірқатар мұғалжарлықтарды сөзге тарттық. Көпшілігі сұхбат беруден бас тартты. Ал бергендері аты-жөнін айтуды жөн көрмеді. Жасы 30- дан енді асқан Айбек Серіков (аты өзгертілді) осыдан бірнеше жыл бұрын «Голд» деп аталатын ойынға қатысу үшін 2 млн теңге көлемінде екінші деңгейлі банктен несие алып, оны төлей алмай, қарызға батқанын қынжыла жеткізді.
—Осы несиені алып, пирамидаға салып жібергеннен кейін алаяқтарға алданғанымды бірақ білдім. Алданғанымды айтып, құзырлы мекемелерге де арыздандым. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Одан кейін жұмыстан да шығып қалдым. Осы қарызымды жабу үшін шағын қаржы ұйымдарынан қарызға ақша алуға тура келді. Олар беретін қаржының үстемақысы тым жоғары екен. Бүгінде қарыздарымның жалпы көлемі 5 млн-ға жуықтады. Басымда баспанам да жоқ. Қарыздарымды жабуға шамам келмей жатыр. Жақында ғана банкроттық деп тануға өтініш бердім. Енді қандай шешім қабылданатын күтіп жүрмін. Осы күні түсінгенім, ақша ешқашан оңай жолмен келмейді. Осыны басқалар да түсінсе деймін, — деді ол.
Анасы қатерлі дертке шалдыққан Айгүл Оразбай (аты өзгертілді) анасын емдету үшін банктен қомақты қаржы алған. Ауру анасын үйде қарау үшін жұмыстан да шығуға мәжбүр болыпты. Бүгінде пәтер жалдап тұратын ол несиесін төлеуге мүмкіндігінің жоғын айтты. — Өзім жұмыссыз болғаннан ке-йін несие тым қиынға соғып отыр. Қазіргі уақытта басымдағы қарызым күн сайын өсіп барады. Танысым банкроттыққа беру қажеттігін айтып, Егов арқылы өтінім берген едім. Бірақ бірген өтінішім ұзақ қаралып, кері қайтарылды, — деді қарызға белшесінен батқан Айгүл.
«Қазір екінің-бірінде несие бар. Тіпті, басындағы баспана мен астындағы көліктің өзін айтпағанда, киетін киім мен күнделікті тұтынатын тамақтың өзін несиеге рәсімдеп жүргендер көп» деп налыған Гүлжан бүгінде қымбатшылықтың қысып тұрғанын жеткізді. Ол айлығы шайлығына жетпеген соң еріксіз несиеге жүгінген. Бастапқыда ұсақ-түйек болып көрінген несиені уақыт өте келе жұмысында қиындықтар болып, төлей алмаған.
— Несиемді жабу үшін таныстарымнан қарыз алдым. Қарызды қарызбен жабам деп жүргенде қарызым 3 млн-ға жетті. Бүгінде не істерімді білмей жүрмін. Тұрақты жұмысым да жоқ. Банкроттыққа өтініш жазсам ба деп ойланып жүрмін. Бірақ банкрот деп жарияланғаннан кейінде түрлі шарттары бар екен, — деді Гүлжан Айтуар.
Жалған банкрот деп танылған адамға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мүлкін жасырғандар – 100 АЕК, қарызды реттеу мәселесі кезінде жасалған заңсыздық үшін 15-100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Соттан тыс рәсіммен тапсыратындар өтінішті Egov.kz порталында немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында толтыра алады. Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Сот арқылы банкрот деп танылу үшін және төлем қабілетін қалпына келтіру үшін борышкер тұрғылықты жердегі сотқа жүгінуі керек. Өтінішті қарау мерзімі – алты ай, оны тағы алты айға ұзартуға болады.
Банкроттық туралы толық ақпарат алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына (қосымша «3» нөмірін теру керек) немесе Telegramдағы SalyqBot көмегіне жүгінуге болады. Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат қаржы министрлігінің және мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланған.
ТҮЙІН
Арамызда қарыздың қамытын кигендер өте көп. Әрбіреуінің себебі мен салдары әр түрлі. Бірі алаяққа алданса, екіншісі құмар ойынға байланған. Ал өзгелері жеке басының қажеттілігіне алып, артынша төлемей кеткен. Әрине, бұл заңның қабылдануы борышкерлерге берілген мүмкіндік. Алайда бұл мүмкіндікке ие болғандар тағы да қарызға белшесінен батпаса болғаны…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ
