Бабаларымыз жаумен қанша алысып өтсе де, өзінің заңы мен тәртіптік жүйесі ықылым заманнан қалыптасқан елміз. Заң мен тәртіп жоқ жерде мемлекет тұрмақ, отбасын құрудың өзі мүмкін емес. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғы» заңдары мен билер кеңесінің шешімдері көшпелі қазақ даласында құқықтық-саяси жүйенің негізін қалады. Күлтөбенің басында күнде кеңес еріккеннен өткен емес.
Аталған заңдар да өзгеріске ұшырап тұрды. Қазіргінің тілімен айтқанда, Президенттік басқару мен дала Парламенті сол кезден-ақ жұмыс істеді. Заңдарды жетілдіру – заман талабы. Заң бар жерде тәртіп орнайды. Қазір елімізде құқықтық-саяси реформа іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, азаматтардың құқықтарын қорғайтын, отбасының тыныштығын сақтайтын, елге пайдалы қаншама заң қабылданды. 25 жылда ұмытылған «Референдум туралы» заң жаңғырып, Конституция біршама жаңартылды. Халықпен санасып, көпшіліктің сыны мен пікірін еститін билік келді.
Есте болса, төрт жыл бұрын Конституцияның қатып қалған баптары өзгертіліп, еліміз суперпрезиденттік басқарудан бас тартты, Мемлекет басшысының ет жақын туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайтын, жеті жылдық өкілеттік мерзім бекітілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрылып, көш те түзеліп келеді. Кез келген реформа тәжірибеде зерделенеді. Тиімсіз болса, заңнан алынып тасталады, қажеттілік туындаса қайта қаралады. Қазір орын алып жатқан оңды өзгерістер де, 4 жыл бұрын Конституцияға енгізілген өзгертулер де заманның сұранысынан туындады.
Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек бір палаталы Парламент құру шеңберінде емес, мемлекеттік басқару жүйесіне де байланысты Конституцияның көптеген баптарын өзгертуге тура келетінін айтты. Өйткені отандастарымыздың жолдаған екі мыңнан аса ұсыныстары жарты жылдан бері қаралып, мәресіне жеткен. Ата заңды жаңалаумен айналысатын Конституциялық комиссия құрылып, өз жұмысын бастап, жаңа жобаның алғашқы нұсқасын жариялап та үлгерді. Конституцияның жаңа жобасы преамбула, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Жаңадан «Қазақстан Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» секілді 2 бөлім қосылды. Сонымен қатар 4 бөлімнің ескі атауы жаңартылған. Ата заңның мазмұны жаңа ұлттық құндылықтар мен заман талаптарына негізделген. Яғни Конституцияның мақсаты, қағидаттары, себептері, қоғам мен мемлекеттің даму бағыты, қоғамдық бағдарды айқындайтын биліктің миссиясы, тарихи, мәдени, отбасы және ұлттық құндылықтарға бағытталды. Қазақстан Республикасының негізін құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогті дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау. Адам капиталы, білім, ғылым, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл шынымен де ғылымды дамытатын білімділердің дәурені дүркірейтін кезеңге жеттік деген сөз. Президент ғылымға көңіл бөліп, кейінгі бес жылда мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі 2,3 есеге артты. Биылдың өзінде терең өңдеу өндірісін өркендетуге 252 млрд теңге ғалымдарға берілмек. Елдің экономикасын өрге сүйрейтін өндіріс секторы болса, бір өнімнен көп өнім өндіру ғалымдардың бір ісі. Инновациялық дамуда сүйеу болатын ғалымдардың жетістігі.
Заңнан аттамау үшін азаматтар алдымен құқықтық сауаттылықты арттырып алғаны жөн. Адамның тыныш жүруі әрі табысты өмір сүруіне құқықтық және қаржылық тұрғыда бір кісілік білім болса жеткілікті. Ол үшін арнайы оқу орнында заңгерлікті немесе экономиканы оқу шарт емес. Ел ішінде жоғары білімді әрі білікті мамандар баршылық, сондай адамдардан кеңес алып, білімін үйренсе игі. Мәселен, «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында мыңдаған адам қаржылық сауаттылығын арттырды. Жалпы, партияның қоғамдық қабылдауларында да құқықтық кеңес беріледі. Қазір білместіктен біреудің жеке өміріне қол сұғушылық көбейіп кетті. Сол сияқты әлеуметтік желіде де, қоғамдық орында да бейәдеп сөздер айтып, ашық киініп, ұрпаққа әдепсіздікті үйретуден ұялу керек.
Президент Ұлттық құрылтайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтарды айқындап, ұрпақтың болашағына кесірін тигізетін әрекеттерге тосқауыл қоюды тапсырды. Былтыр ішкі саясат саласын ретке келтіретін қағидаттар, құндылықтар мен бағыттар бекітілді. Енді оған басымдық беріп, белсенді түрде іске асыруға шақырды. Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің негізінде 26 заң қабылданды. Соның нәтижесінде ана мен баланың құқығын қорғайтын, ойынқұмарлық пен нашақорлыққа қарсы қадамдар жасалды.
Біз дана бабаларымыздың өсиетін өмірлік ұстанымға айналдырсақ, ұлт ретінде сапамыз артады. Оған әл-Фараби, Ясауи, Абайлардың ілімі мен білімі жеткізеді. Бес жақсыға асық, бес жаманнан қашық қоғам қалыптасуы үшін «еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін» Абай аңсаған толық адам болуға ұмтылуы керек. Ал оның заманауи өнегесін үйрену үшін ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен ұштасып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасын санамен жұмыста кеңінен пайдаланған жөн.
Мемлекет басшысы Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуді ендігі міндеттің бірі етіп қойды. Ғұламалардың ғибраты мен қанға сіңген халықтың тектілігі – ұлттың тірегі. Ұлттық текте жаман әдет жоқ, жақсы қасиет бар.
АҚШ-та «Миранда ережесі» 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оның тарихы Эрнесто Миранда деген азамат пен Аризона билігі арасындағы істен басталған. Содан бері АҚШ-та күдіктіні ұстағанда полиция оған өзінің құқықтарын түсіндіреді, ол заңмен бекітілген.
Ал елімізде өмір сүру құқығын жоғары дәрежеге көтеру үшін адамға бағытталған саясат Конституциямен реттелмек. Азаматтардың жеке басына қол сұқпаушылық пен негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалар енгізіледі. «Миранда ережесін» цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау күшейтіліп, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттары беки түседі. Кейінгі кездері кісі өлімі, зорлық-зомбылық, сталкинг секілді қылмыстар көбейіп кетті. Қылмыстың алдын алу және жою үшін заңды күшейту керек пе, әлде тәрбиемен айналысу керек пе? Бәлкім, қылмысты жаятын ақпараттарға шектеу қою қажет шығар. Қалай десек те, Президент айтқандай қоғамда заң мен тәртіп орнықса, бұзақылық болмайды. Бұл тек мемлекеттің мәселесі емес, әрбір азаматтың адами борышы болуы керек. Яғни қылмыс белең алып, тыныштық бұзылмау үшін, әр адам түзелуді өзінен бастауға тиіс.
Президент құқықтық, демократиялық мемлекет құруға бет бұрып отыр. Саяси-құқықтық реформалар осыған саяды. Халық кеңесінің рөлі осындайда керек. Халық кеңесі әрбір ұсынысты жыл бойы жіті талдап, азаматтардан келіп түскен нұсқаларды зерттеп-зерделеумен айналысады. Демек енді «жеті рет өлшеп бір кескен, келісіп пішкен» сапалы заңдар пайда болады. Жаңа кеңестің құрамына 42 этнос өкілдері, 42 қоғамдық бірлестік өкілдері, 42 мәслихат депутаты енеді. Референдум өткізетін күнді де Қазақстан Халық кеңесі белгілейді. Әлбетте реформаның барлығы тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқалы жинаған тәжірибені жүйелеп, кемшіліктерді түзеу үшін жасалады.
Жан-жақты геосаяси жағдай тұрақсыз болып жатқан шақта Қазақстан үшін Ата заңды жедел жаңалау керек болып тұр. Бас құжатқа енгізілген түзетулер институтционалдық-құқықтық негізін мығымдап қана қоймай, тұтас мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, ел дамуын жаңа деңгейге көтеріп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Жаңадан түзілетін жүйе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға серпін береді. Бұған дейін өңір басшылары тек Президентке тікелей бағынса, енді жаңа жобаға сәйкес Үкіметпен де санасады. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудағы қадам.
Ата заңға түзетулер жасырын енгізіліп жатқан жоқ. Бәрі ашық, жаңа жоба БАҚ бетінде жарияланды. Конституциялық реформалар жалпыхалықтық референдумда қабылданады. Адам капиталы, білім, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыты ретінде нақтыланып жатыр. Бұл ұрпақтың білім мен ғылым қуып, сан салалық ғылымды дамытуға бүгіннен бастап кірісуіне керемет мотивация. «Өнер-білім бар жұрттар» ғылым тауып мақтанып, елдің кемелденуіне үлес қосады. Іргелі ережелер қамтылған Конcтитуциялық реформаның жаңашылдықтары халықтың қолдауына ие болып жатқаны қуантады. Конституциялық реформа халық пен мемлекеттің игілі үшін Президент пен Парламент, Халық кеңесінің ықпалы артып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сатыға көшіріліп жатыр. Жаңа Конституция орнықты елдік жолдың заңдық темірқазығы болады деп үміттенеміз.
Қайрат БАЛАБИЕВ, Мәжіліс депутаты

