«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАРИХИ ТАҢДАУ АЛДЫНДА

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің мәжіліс залында өңірлік коалиция мүшелерінің еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Жиын барысында республикалық референдумның маңызы түсіндіріліп, жаңа бастаманың мәні кеңінен талқыланды.

Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері — облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұргүл Әбішева және колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Сергей Вишняк жиналған қауымды ел өміріндегі маңызды науқаннан шет қалмауға шақырды.
— Қадірлі жерлестер! 15 наурызда республикалық референдумға қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Әрқайсысымыз елдің тарихи сәтінде қалыс қалып қоймайық, — деді ол.
Өз кезегінде Нұргүл Әбішева әңгіме өзегін ел болашағымен байланыстырды.
— Бүгін біз Конституцияның жаңа жобасы туралы ғана емес, еліміздің болашағы туралы айтып отырмыз. Болашақ — жастардың қолында. Олардың бәсекеге қабілеттілігі, ғылымға бет бұруы, инновация мен стартап жобаларды дамытуы — мемлекет дамуының кепілі. Осы негізгі бағыттардың барлығы жаңа жобада көрініс тапқан. Біз бұл құжатты тек әлеуметтік желіде емес, оқытушылармен, жұмысшылармен, студенттермен бетпе-бет кездесулерде кеңінен талқылап жүрміз, — деді ол.
Колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова да тарихи кезеңнің жауапкершілігіне тоқталды.
— Қазір еліміз тарихи кезеңде тұр. Соның аясында ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Халықтық коалиция құрылып, оның құрамына танымал тұлғалар, ғалымдар, депутаттар енді. Білім саласының өкілі ретінде оң өзгерістерді ерекше атап өткім келеді. Ең басты құндылық — адами капитал. Мемлекеттің басым бағытының бірі — білім, ғылым және инновация. Бұл нормалардың Конституция деңгейінде бекітілуі қуантады. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуына байланысты туындайтын қауіптің заң жүзінде реттелуі де маңызды қадам, — деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірін айтып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Еркін форматта өткен жиын ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

БАС РЕДАКТОР БАНУ ЖАРТИНА “АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ” АТАНДЫ

admin_mugalzhar

WBO Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласын бекітті

admin_mugalzhar

Жаңа бағыт өңір экономикасының дамуына серпін береді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.