«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жаңа конституция: маңызды қадам

Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейі ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.

Басқосуға облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, облыстың құрметті азаматы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Естай Жайлыбай, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары Жаңалық Ахаш пен Олжас Мектепбаев қатысты.
Жиында сөз алған Гүлқасима Сүйінтаева жаңа Конституция жобасының ашық әрі жария түрде әзірленгенін, халықтың ұсыныс-пікірлері басты назарға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңның преамбуласында адам құқығы мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын көрсетілген. Мемлекет адамның өмірін, құқықтары мен еркіндігін қорғауды өзінің басты міндеті деп таниды.
— Конституцияда адам ең бірінші орынға қойылды. Ең маңызды жаңалықтардың бірі — адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қызмет етеді деген қағидаттың айқындалуы. Жобаға сәйкес әр азаматтың еңбек етуіне, мамандық игеруіне, адал жұмыс істеуіне мемлекет кепілдік береді. Еңбек адамы Конституция қорғауында болады. Ал еңбек адамы қорғалса, отбасы да, қоғам да берік болады. Қандай жағдай болмасын, еңбекақы мен жәрдемақының төленуі қамтамасыз етіледі. Мұның бәрі елдің ертеңін нығайтуға бағытталған, — деді ол.
Өз кезегінде Раукен Отыншин сөз бостандығы, адам құқығы, цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне кеңінен тоқталды. Конституция құқықтарды ғана емес, азаматтардың міндеттерін де айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауды, адамдарды ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу секілді құндылықтар да негізгі құжатта көрініс тапқан.
— Бүгінде халқымыз маңызды тарихи таңдау алдында тұр. Жаңа Конституция жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Оның түпкілікті тағдыры жалпыхалықтық референдумда шешіледі, — деп Раукен Отыншин мұғалімдер қауымын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Естай Жайлыбай тіл, жер мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол өткен мен бүгінді салыстыра отырып, айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтті. Мәселен, 1989 жылы Ақтөбеде бір ғана қазақ мектебі мен бір ғана қазақ балабақшасы болса, бүгінде қаладағы 86 мектептің басым бөлігі — қазақ тілінде білім беретін оқу орындары. Бұл — қоғамдағы оң өзгерістің айқын көрінісі.
Сондай-ақ қоғамда жиі көтерілетін жер мәселесіне де тоқталды. 2016 жылы бұл тақырып үлкен талқыға түскенін еске сала отырып, сол кезеңде облыстық жер комиссиясы жерді шетелдіктерге сатпау, тіпті жалға бермеу туралы бірауыздан шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл ұсыныс республикалық деңгейге жолданған. Қазіргі Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сату мәселесі қарастырылмағанын нақты айтты.
Жаңалық Ахаш жаңа Конституция жобасында сөз еркіндігі мен ақпарат тарату еркіндігі азаматтың негізгі құқығының бірі ретінде айқындалғанын айтты. Ол әр адам өз ойын еркін айтуға, заң шеңберінде ақпаратты іздеуге, алуға және таратуға құқылы екенін атап өтсе, Олжас Мектепбаев Ата Заңның 30-бабына тоқталды. «Неке — еркек пен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті және тең құқықты одағы деп белгіленеді. Сонымен қатар балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу — ата-ананың ажырамас құқығы әрі міндеті екені айқын жазылған. Ал кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті де заң жүзінде бекітіледі. Бұл нормалардың барлығы қоғамдағы жауапкершілікпен өзара құрметті арттыруға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған», — деп сөзін түйіндеді ол.
Кездесуде аталған білім ордасының тарих пәнінің мұғалімі Венера Есмұханбетова да өз пікірін білдіріп, жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат — уақыт талабынан туындаған жаңғырудың көрінісі.
— Біз, ұстаздар қауымы, жас ұрпаққа білім ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік рухты да сіңіруіміз керек. Сондықтан алдағы референдум — әрқайсысымыз үшін маңызды тарихи сәт. Мектеп ұжымы бұл науқанға белсенді түрде қатысып, өз таңдауын жасайды, — деді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

7 ЗАРАЗИВШИХСЯ ЗА СУТКИ ВЫЯВИЛИ В РАЙОНЕ

admin_mugalzhar

ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

КІТАПХАНАДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.