Өңір басшысы Асхат Шахаров биыл елімізде 120 жылдығы аталып өтіп жатқан қазақтың көрнекті ғалымы, әйгілі композиторы, дирижері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың ұрпақтарын арнайы қабылдап, оларға құрмет көрсетті.
📌 Кездесуге Жұбанов әулетінің бірқатар өкілі қатысты. Атап айтқанда, А.Жұбанов атындағы қордың президенті, пианист, ұлы тұлғаның көзі тірісінде көрген немересі Шолпан Жұбанова, оның ұлы – «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының дирижері, халықаралық конкурстардың дипломанты Елмар Бурибаев, журналист, баспагер, «Атамұра» корпорациясының қызметкері Елмира Жұбанова, Ғ.Жұбанованың ұлы, филолог, Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Адай Мамбетов және оның жұбайы Жанара Мамбетова болды.
⚜️ Облыс әкімі кездесуде Жұбановтар әулетінің қазақ мәдениеті мен ғылымындағы айырықша орнын атап өтіп, олардың ұлттық руханиятты дамытудағы еңбектеріне жоғары баға берді.
«Жұбановтар әулеті – қазақ өнері мен ғылымының алтын діңгегі. Сіздер ұлы тұлғалардың аманатын арқалап, олардың мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келесіздер. Бұл – зор жауапкершілік әрі үлкен құрмет»,
– деді Асхат Шахаров.
🌟 Жылы әрі мазмұнды өткен басқосуда меймандар өзара пікір алмасып, естеліктерімен бөлісті. Облыс әкімі Жұбанов әулетінің өкілдеріне алғыс білдіріп, олардың қатысуы өңірде өтіп жатқан мерейтойлық іс-шаралардың маңызын арттыра түскенін алға тартты.
✨ Өз кезегінде Шолпан Жұбанова көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, ұлы тұлға, атасы – Ахмет Жұбановтың рухын ұлықтауға бағытталған мұндай тағылымды шаралардың өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік және танымдық тұрғыдан өте маңызды екенін тілге тиек етті. Ол Жұбанов мұрасын насихаттау – тек әулеттің ғана емес, барша қазақ халқының ортақ міндеті екенін жеткізді.
🎶 Еске салайық, Ақтөбе өңірінде 23-30 сәуір аралығында Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай, «Жұбанов көктемі» музыкалық апталық өтуде. Апталық аясында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы және Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты сынды өнер ұжымдары өнер көрсетіп, ақтөбелік көрермендерге жоғары деңгейдегі концерттер ұсынуда. Сонымен қатар, халықаралық хор фестивалі мен домбырашылар фестивалі ұйымдастырылып, Түркия, Оңтүстік Корея және Өзбекстан елдерінен арнайы келген қонақтар қатысып жатыр.
✅ Кездесу соңында облыс әкімі қонақтармен естелік суретке түсіп, Ахмет Жұбановтың мерейтойына арнайылап жасалған кәдесыйларды сыйға тартты.

