«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЗІЛЗАЛА ЗАРДАБЫМЕН КҮРЕСКЕН ДИДАР КАДИРОВ

Мұғалжарлық Дидар Кадиров Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде бітімгерлік қызмет атқарып, сол кезеңнің күрделі оқиғаларының куәгері болған ардагер. Ол өз өмір жолын еске алып, сол жылдардағы қызметтің ауырлығы мен жауапкершілігі туралы айтып берді.

Ол 1987 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінде әскер қатарына шақырылады. Қарағанды қаласында үш айлық оқу-жаттығудан өткеннен кейін, 1988 жылдың наурыз айында Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс аймағына жіберіледі. Ол бұл өңірде сегіз ай бойы бітімгерлік міндетін атқарған. Қызмет барысында әскери тәртіпті қамтамасыз ете жүріп, жергілікті халықтың тұрмысымен де танысады. Әзербайжан халқының да Наурыз мейрамын ерекше атап өтетінін алғаш рет сол жерде көрген. Тәртіп күзетінде жүрген әскери қызметкерлерге тұрғындар жылы қарым-қатынас көрсетіп, наурыз көже ұсынатын болған.

Бізде өзге ұлт өкілі болсақ та, әзербайжан халқы мұсылман болғанымыз үшін қатты жақын тартты. Наурыз мерекесін тойлауды әскерде жүргенде алғаш рет көрдім. Оны мүлде көрмеген едім. Ал біздің елде Наурыз тойын тойлауға тыйым салынған еді. Бұл мен үшін Әзербайжан елінің жаңа мәдени дәстүрімен алғаш танысқан сәттердің бірі болды, – деп еске алды. Екі елдің шекарасында әскери қызметін орындау кезінде 1988 жылдың желтоқсан айында Арменияда 12 балдық жойқын жер сілкінісі болып, үлкен қасірет орын алған. Дидар аға мен оның әріптестері құтқару жұмыстарына тартылып, үйінділер астында қалған адамдарды іздеп, алып шығуға қатысқан. Ол қайтыс болғандардың нақты саны жарияланбағанымен, оқиғаның аса ауыр болғанын тілге тиек етті.- Ол кезде жас болдық. Жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін аса бір сезе де қоймадық. Бүгінде ойлап отырсам, даланың ыстық-суығына қарамай, бірнеше ай шатырда тұрып, қарулы қақтығыстың ішінде қару асынып, үнемі каска мен бронежилетпен жүру, қауіптің қайдан шығарын білмей алаңдау оңай емес екен. Отбасыммен байланыс тек хат арқылы жүзеге асатын.  Онда да шындық айтылмайтын. «Бәрі жақсы» деумен шектелетінбіз, орналасқан жеріміз құпия сақталатын – деді Дидар Тәжібекұлы.

Елге аман-есен оралған соң, Дидар Кадиров теміржол саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Бүгінде ол ардагер мәртебесіне ие болып, мемлекет тарапынан қолдау алып отыр. Оның айтуынша, басты мақсаты – жас ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық тәрбие беру.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

ОСК мүшелері еліміздің 20 өңіріндегі сайлауға дайындық барысын тексеріп шығады

admin_mugalzhar

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА «АЙНАЛАЙЫН — 2022» БАЛАЛАР БАЙҚАУЫ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

3 аптадан бері азық-түлік арзандап жатыр – министрлік

admin_mugalzhar