«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Биыл интернет-алаяқтықтың тіркелуі 2,5%-ға азайды

Қазіргі таңда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, кеңістіктегі құқық бұзушыларды алдын алу және заманауи цифрлық қауіп-қатерлерге тиімді тосқауыл қою мақсатында Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері ақпараттық кеңістікте 38 мыңға жуық ақпарат жарияланды. Мемлекеттік органдар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, банктер мен жеке секторда 34 мыңға жуық профилактикалық іс-шаралар өткізілді. 10 мыңнан аса халықпен кездесулер ұйымдастырылып, 1 млн астам нұсқаулықтар мен брошюралар таратылды. Бұл туралы ҚР IIM Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, ІІМ-нің «mvd.gov.kz» сайтында киберқылмысқа қарсы күрес бойынша арнайы айдар бар, сондай-ақ «cybercrime.kz» ресми сайты және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Департаменттің парақшалары жұмыс істейді. Онда интернет-алаяқтық жасау тәсілдерін сипаттайтын маңызды мәліметтер мен оларды алдын алу бойынша қабылданатын шаралар жарияланған.

«Ұйымдастыру-практикалық және алдын алу шараларының нәтижесінде ағымдағы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша оң динамика қамтамасыз етілді. Мәселен, интернет-алаяқтықтың тіркелуі 2,5%-ға азайды. Ал оны ашу деңгейі 32,2%-дан 40%-ға өсті, яғни өсуі 7,8%-ды құрайды. Ашылмаған қылмыстық істер саны 16,6%-ға кеміді. Бұл ретте келтірілген залалдың жалпы сомасы 20 млрд құрады, ал қайтарылған қаражаттар 4 млрд-қа жуық болды. Телекоммуникациялық инфрақұрылымды қылмыстық мақсатта пайдалануға тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда. Барлығы 147 млн алаяқтық қоңыраулар бұғатталды», – деді спикер.

Интернет-алаяқтыққа қарсы әрекет етудің басты элементі — Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Антифрод-орталығымен» өзара іс-қимыл жасасу. Есептік кезеңде 111 мың инцидент қалыптасты, оның ішінде 44 мыңға жуық инцидент ішкі істер органдары тарапынан жасалды. Нәтижесінде ақша жіберушілердің есеп-шоттарындағы 2 млрд-тан астам теңге мен «дроптардың» есеп-шоттарындағы 700 млн теңгеден астам ақшалай қаражат бұғатталды. Өз еркімен жәбірленушілерге 528 млн теңге қайтарылды.

Сонымен қатар ағымдағы жылы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске асыруға кірісті. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде кездесетін осы саладағы өзекті проблемаларға жан-жақты талдау жүргізіліп, олардың тиімді шешімін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдануда. Мәселен, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізудің жаңа форматы енгізілді. Яғни, бұрынғы 3 күнде өтетін іс-шара, енді 3 ай көлемінде жүргізіледі.

Оның негізі себебі киберқылмыстың трансұлттық сипатта болуы, шекара талғамайтыны және халықаралық ынтымақтастықты күшейтумен байланысты.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар атом энергетикасы мен АЭС құрылысы туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады

admin_mugalzhar

Мемлекеттік күзет қызметі сапында мерзімді әскери қызмет өтеуге іріктеу басталады

admin_mugalzhar

АТА-АНАЛАРМЕН БАЙЛАНЫС КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar