«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Прокуратура органдарының 35 жылдығына арналған спорттық-мәдени форум өтуде

Форум
Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына орай ардагерлер мен бүгінгі қызметкерлердің басын қосқан ауқымды спорттық-мәдени іс-шара өтуде.
Екі күнге жоспарланған форум «Жаңа Халық Конституциясы аясында заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету» тақырыбына арналып, еліміздің батыс өңірлеріндегі прокуратура органдары өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.
Ауқымды шараға Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының прокуратура өкілдері, сала ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысуда. Бағдарлама аясында спорт жарыстары, мәдени кездесулер, ғылыми-практикалық баяндамалар мен кәсіби пікір алмасулар ұйымдастырылған.
— Форумның алғашқы күнінде өңірлерден келген командалар шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту, армрестлинг сынды спорт түрлерінен бақ сынайды. Жарыстың басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау ғана емес, әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, командалық рухты арттыру.
Форумның екінші күні заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мәселелеріне арналған негізгі жиын өтеді. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, заңгер ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылайды, — деді Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев.
Спорттық додаға Маңғыстау облысының прокуратурасы да өз командасын жасақтап келген. Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Бекжан Ермұхамедұлы Ақтөбе өңірінің қонақжайлығына ризашылығын білдіріп, жарысқа көтеріңкі көңіл күймен келгендерін жеткізді.
Оның айтуынша, маңғыстаулық команда құрамында 16 спортшы бар. Олар футбол, арқан тарту, армрестлинг, теннис және шахмат бойынша өзара мықтыны анықтауға дайын. Команда мүшелері бұған дейін де өңірлік жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Айтуынша, мұндай кездесулердің әріптестік байланысты нығайтып, өңірлер арасындағы достықты арттыруда маңызы зор.
Шараның қадірлі қонақтары қатарында құқық қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер де бар. Соның бірі — Гүлзат Битова. Ол құқық қорғау және әскери прокуратура саласында 36 жыл қызмет атқарып, әскери тергеушіден әскери прокурор лауазымына дейінгі еңбек жолынан өткен.
— Еліміздің Қарулы Күштері қалыптасып жатқан алғашқы жылдар әлі есімде. Ол кезде қиындық аз болған жоқ. Соған қарамастан, әріптестеріміз ел алдындағы міндетін абыроймен атқаруға бар күшін салды. Бүгінде қазақ әскерінің нығайып, дамып келе жатқанын көріп, қуанамын. Қай салада қызмет етсең де, тәртіп пен жауапкершіліктің орны бөлек. Осындай мазмұнды форумға арнайы шақырғандарыңызға ризашылығымды білдіремін.
Ал прокуратура саласында 35 жыл еңбек еттім. Әр жылдары аудан прокуроры, көлік прокуроры, облыс прокурорының орынбасары, кейін Бас прокуратура жүйесінде қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде заң үстемдігі мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын терең түсіндім. Құқықтық реформалардың да түпкі мақсаты — заңдылықты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деп білемін.
Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуы прокуратура органдары қызметкерлерінің үйлесімді әрі жауапты жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан әріптестеріме атқарып жүрген қызметтеріне табыс, жас буынға да еңбекте сәттілік, биік белестер тілеймін, — деді Г.Битова.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

18 мыңнан астам мұғалім тегін курстан өтті

admin_mugalzhar

Қазақстанда алдағы 3 тәулікте күн күркіреп, шаңды дауыл болады

admin_mugalzhar

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды бақылаудың жаңа элементтері енгізілуде

admin_mugalzhar