Ақтөбеге «Dauletten» және «Aidyn nury» қайырымдылық қорлары арқылы сатып алынған оттегі концентраторларының қосымша партиясы келді. Бұл ақтөбелік қайырымды адамдар жинаған қаражатқа сатып алынған, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газеті.
Концентраторларды аймақтарға жеткізу үшін «Dauletten» қорының басшылығы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан қолдау сұраған, келіссөздер нәтижесінде «Эйр Астана» және «Pony Express» компанияларының қолдауымен концентраторлар тегін жеткізілді.
Ақтөбеге 44 оттегі концентраторы әкелінді. Оны өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері күтіп алды. Қазір палата өкілдері «Dauletten» қорының еріктілерімен бірге оттегі концентраторларын облыс орталығының, аудандардың медициналық мекемелеріне таратып жатыр. 44 концентратордың 19-ы — «Dauletten» қорынан, 25-і «Aidyn nury» қорынан сатып алынды. 19 концентратор аудан ауруханаларына, 25-і облыс орталығындағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріне беріледі. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұған дейін де 19 шілдеде аталған қайырымдылық қорлары арқылы Ақтөбеге 8 оттегі концентраторынан тұратын алғашқы партия келген болатын. Жалпы, «Dauletten» және «Aidyn nury» қайырымдылық қорлары арқылы елімізге Түркиядан 125, Қытайдан 800 аппарат әкелінген.
Еске салсақ, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Жақсылық жаршысы» республикалық қайырымдылық акциясын іске қосқан болатын. Мақсат — қаражат, дәрі-дәрмек, сондай-ақ коронавируспен күреске жұмылдырылған медициналық мекемелерге қажетті жабдық жинау. Көмек бергісі келетін азаматтар atamekenim.kz сайтында көрсетілген реквизиттер бойынша қаражат аудара алады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.