Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен шараға Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, Ақтөбе облыстық аула клубтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерəділ Уббиниязов және аудан әкімі Асқар Шериязданов қатысып, спорт мектебінің бокс бөлімінің оқушыларына боксқа қажетті былғары қолғап, арнайы аяқ киім, шлем секілді бұйымдарды табыстады.
- Бұл шараның негізгі мақсаты — жас спортшыларды жеңіске ыңталандыру. Мұғалжарлық спортшылар әр түрлі деңгейдегі жарыстарда өңір намысын қорғап, өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Біз де осыны ескере отырып, спорт мектебіне 30 дана боксқа қажетті спорттық киім-кешек пен бұйымдарды әкеліп отырмыз. Сонымен қатар, Мұғалжар ауданында қыздар боксы әлі күнге дейін ашылмай келеді. Сол себепті қыздар бөлімін ашу үшін де ПРООН жобасы арқылы грант жеңіп алдық. Алдағы уақытта бұл да шешімін табады, — деді Ақтөбе облыстық аула клубтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Уббиниязов.