Праймериз
Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында Nur Otan партиясы партияішілік сайлау-праймериз өткізіп жатқаны белгілі. Праймеризге Ақтөбе облысы бойынша 486 үміткер тіркелді. Олар 30 қыркүйекке дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Үгіт жұмыстарының аясында кеше облыс бойынша 16 жерде жария пікірсайыс өткізу басталды.
Кеше Nur Otan партиясының облыстық филиалы ғимаратында Ақтөбе қаласынан тіркелген 159 үміткердің бірінші тобының пікірсайысы өтті. Үміткерлердің топтары мен уақыты жеребе тарту рәсімімен алдын ала анықталды. Пікірсайысқа қатысушылардың әрқайсысы бес минут ішінде сайлауалды бағдарламаларының түйінін түсіндіріп, одан әрі оппоненттер бір-біріне бірі сұрақ қойып, пікірсайыс ұйымдастырды. Модератордың рұқсатымен залдағы көрермен сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы келген тұрғындар сауалына жауап берілді. Пікірсайысқа қатысушылардың бірі саяжайдың мәртебесін көтеру туралы сөз қозғаса, енді бірі денсаулықтың кепілі — спортты дамытуға жаппай маңыз берілу керектігін алға тартты.
— Партияішілік сайлау-праймериздің ережесіне сәйкес, республика бойынша жария пікірсайыстар басталды. Ақтөбе облысы бойынша 87 топ құрылып, 16 жерде пікірсайыс өткізу орындары анықталды. Оның үшеуі — Ақтөбеде, екеуі — Мұғалжар ауданында, қалған аудандар бір-бірден орын дайындады. Қатысушылар сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, жақсы идеялар айтып, түрлі мәселелер көтеріп жатыр. Ең көп айтылып жатқаны — әлеуметтік мәселе, әсіресе, көпбалалы аналарға қатысты. Аймақ экологиясын жақсарту, елді мекендерге ауызсу, газ тарту секілді көптеген сұрақтар көтерілді, — деді Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Партияішілік сайлау-праймеризге қатысуға ниет білдірген 486 үміткердің 35,8 пайызы — әйел, 28 пайызы — жас буын. Сондай-ақ 29 пайызы — білім, 23 пайызы — бизнес саласының өкілдері.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.