«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Нағыз феномен». Хабиб Нурмагомедов қалай танылды?

Таяуда UFC жұлдызы Хабиб Нурмагомедов карьерасын аяқтағанын хабарлады. Аралас жекпе-жек шебері үлкен спорттан жеңіліссіз кетті. 29 жекпе-жек — 29 жеңіс. Оны көп адам ММА-дегі феномен санайды. Tengrinews.kz тілшісі Хабиб Нурмагомедовтің неге осынша танымал болғанын зерттеп көрді.

29 жеңіс — 0 жеңіліс

Хабибтің неге ерекше құбылысқа айналғанын оның жекпе-жектерінен бастап тексерейік. Ресейлік файтер ММА-дегі алғашқы жекпе-жегін 2008 жылы бастағанымен, ол ұзақ уақыт бойы тасада қалып жүрді. Оған себеп — Хабиб жекпе-жегінің бәрін Ресей мен Украинада өткізетін. Осылай 4 жыл мен 16 жекпе-жек өтті.

Ал 2012 жылы қаңтарда файтер үшін маңызды күн болды — UFC-дегі дебют. Бірақ ол бірден UFC жұлдызы болып кетті деуге келмейді. Себебі көрерменнің көбіне партерде төбелескенді құп көретін файтерлер ұнай бермейді.

Хабиб — самбодан екі дүркін әлем чемпионы, сондықтан UFC-де ол ауыр соққыларымен емес, партердегі жұмысымен танылған. Оның үстіне, UFC-дегі алғашқы жекпе-жектері әсерлі шықпады — алты кездесуінің төртеуінде төрешілер шешімімен жеңген.


Хабиб әкесі Абдулманап Нурмагомедовпен. Фото: matchtv.ru 

Хабиб 2018 жылдың сәуірінен кейін әлем жұлдызы болды деуге әбден негіз бар. Сол кезде Бруклинде ол UFC чемпионы атанды. Кейін бұл титулын үш рет қорғады. Оның ішінде UFC-дің басты жұлдызы Конор Макгрегор бар. Осылайша, ол карьерасын UFC чемпионы ретінде аяқтап отыр.

Бір қызығы, Хабиб ММА-дегі ең алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын аяғымен қылғындырып, «үшбұрыш» әдісімен жеңген. Ал сенбіде соңғы жекпе-жегінде Джастин Гэтжиді де дәл осындай әдіспен жеңген болатын.


Эфир кадрынан 

Осылайша, спортшының феноменге айналуына — алдымен, оның спорттағы нәтижесі себеп. Егер Конордан не басқа біреуден жеңілгенде немесе чемпион атағы болмағанда, оның дәл қазіргідей феномен атанбайтыны анық еді.

Танымал қылған — Конор

Жоғарыда Конор Макгрегорды бекерге бөлек атап өтпедік. Хабибтің жұлдыз болуына осы Конор себеп болды деген пікір жиі айтылады. Мұндай пікірдің де жаны бар.

Мысалы, Хабиб — Конор жекпе-жегіне дейін де түрлі жанжал болған. Конор Хабиб отырған автобусқа шабуылдап, онымен төбелескісі келгенін де ұмытпадық. Екі спортшы әлеуметтік желі арқылы бір-біріне қарсы түрлі пікір айтты. Трешток көкесі саналатын Макгрегор Нурмагомедовке түрлі балағат айтты.


Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор. © Reuters 

Сондықтан, Хабиб — Конор жекпе-жегіне қызығушылық арта түсті. Кей маманның айтуынша, ресейлік файтердің танылуына Хабибтің Конорды жеңгені емес, оның кездесуден кейін Макгрегордың командасымен төбелесіп кетуі де себеп болған.


Хабиб Нурмагомедов жекпе-жектен кейінгі төбелесі 

Бірақ Хабибтің әкесі әрі бапкері болған Абдулманап Нурмагомедов (биыл қайтыс болды — авт. еск.) сұхбаттарының бірінде Хабибтің қалай танылғанына жауап берген.

«Хабибті танымал еткен оның тордан секіруі емес еді. Ол соңғы үш жекпе-жекте өте танымал болды. Оның Instagram-парақшасына жазылушылар саны көбейді. Жыл сайын 6-7 миллион фалловер. Орташа алғанда, Макгрегордың жарнамасына жылына 15-21 миллион жұмсалады. Конорға барлығы 70-80 миллион қаражат жұмсалған. Хабибтің танылуына миллион да жұмсалмады. Ол назардан тыс қалмады және ешқашан қалмайды. Макгрегордан кейін оны 7 мемлекет басшысы қарсы алды. Бүкіл мұсылман әлемі Хабибтің жағында болды. Владимир Путинмен кездесу Хабибке Макгрегорге қарсы жекпе-жектен гөрі танымалдылық берді», — деген еді ол.

«Хабиб — ең ұлы спортшылардың бірі»

Осылайша, қарсыластарын сенімді жеңуі мен Конор Макгрегорға қатысты оқиғалар — Хабибтің танымал болуына басты екі себеп. Бірақ бұл біздің пікіріміз.

Хабиб Нурмагомедовті ерекше құбылыс деп мамандар да айтады. Сондықтан, ММА әлемінің Хабиб туралы не дегенін де жазған дұрыс болар.

Ол туралы UFC басшысы Дана Уайттан артық ешкім айта алмайтын шығар. Ол сенбідегі кездесуден кейін Хабибті ұлы спортшы деп атаған.

«Хабиб Нурмагомедовті құттықтаймын, сен қалағаныңның бәріне жеттің. Салмақ дәрежелеріне қарамастан әлемдегі ең үздік файтерсің және спорттағы ең ұлы спортшылардың бірісің», — деп жазды Уайт Twitter желісіндегі микроблогында.

Дана Уайттың бұл сөзінен кейін Хабибтің тағы бір арманы орындалды деуге болады. Оны UFC басшысы Р4Р-рейтингіде үздік атады.


© Reuters 

Дүние жүзіндегі файтердің көбі Хабибті феноман санайды. Солардың бірі — аустралиялық Роберт Уиттакер.

«Мен Хабибтің жанкүйерімін. Бұл феномен спортшы, сегізбұрышта керемет нәрселер көрсетеді. Оның арсеналында керемет әдістер бар. Қаншалықты төзімді екені таңғаларлық. Ол нағыз феномен. Оның барлық қарсыласы орыстың ресейліктің тактикасын біледі, бірақ олар ештеңе істей алмайды. Мен оны қатты құрметтеймін», — деді Уиттейкер.

Расында, көп файтердің айтары — осы. Ал Хабибтің ең басты қарсыласы Конор Макгрегор болса, оның жақсы жекпе-жек өткізгенін мәлімдеп, әкесінің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты.

Хабиб Нурмагомедов енді октагонға шықпайтынын айтты. Оған себеп — әкесінің дүниеден өтуі мен анасына берген уәдесі. Ал ұлы чемпиондар қатарына енген ол енді немен айналысатыны белгісіз.

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ОРМАН АЛҚАПТАРЫНДА ҚУРАҒАН АҒАШТАР КЕСІЛУДЕ

admin_mugalzhar

Қазақстандықтардың орташа жалақысы аталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.