Ата-ана баласы дүниеге келген соң, оның бүкіл іс-әрекетіне жауапты. Қаржылық сауаттылықтың өзі де осы отбасынан бастау алады. Бүгінде көптеген ата-ананың бала тәрбиесіндегі осындай кішкентай дүниелерге көңіл бөле бермейтіні анық. Ал балаңыз есейгенде ақшаны оңды-солды шашпауы үшін, ақша жинау мен оған дұрыс қарым-қатынас жасауды ерте жастан бастап үйреткеніңіз жөн.
1. Отбасылық бюджетіңізді балаңыздан жасырмаңыз
Балаға ақша туралы 3-4 жастан бастап айта бастаған дұрыс. Алайда оны баланың өз тілінде түсіндіру қажет. Мәселен, шығындарыңызды әртүрлі түстерге бөліңіз. Көк – коммуналды төлемдерге, сары – азық-түлікке, жасыл – ойыншыққа деген секілді. Бала дүкенге барғанда жаңа ойыншық алып беруін сұраса, ақша тек сары қорапта қалғанын, ал жасыл қорапта келесі айда ғана ақша болатынын оңай түсіндіре аласыз. Сонымен қатар балаға жасыл қораптағы ақшаға тиіспей, үстіне тағы да ақша қосып жинайтын болса, үлкен және көп ойыншық сатып ала алатынын түсіндіріңіз.
2. Балаға қалағанын бірден алып бермеңіз
Бұл балаға ештеңе алып бермеңіз деген сөз емес. Балаңыз өзіне қатты ұнаған затын алып беруін өтінсе, қалағанын алып беруден бас тартпаңыз. Тек алдымен балаңыздан алғысы келген дүниелерін тізімге енгізуін сұраңыз. Қалаған затының суретін салып немесе жазып, тоңазытқыштың сыртына іліп қойыңыздар. Ай соңында тізімге қарап бір ойыншықты таңдатсаңыз болады. Яғни балаңыз сауданы ойланып жасауға үйренеді және жарнаманың арбауына түспеуге бейімделеді.
3. Балаңыздың қалтасында ақша салып қойыңыз
Балаңыздың қалтасында 300 тг бар делік. Ал бұл ақшаға кішкентай бір ойыншық сатып ала алатынын айтыңыз. Егер тағы сәл күтсе үстіне ақша қосып, одан үлкенірек ойыншық сатып алуына көмектесетініңізді түсіндіріңіз. Сонда балаңыз қалтасындағы ақшасын текке құртпай, сатып алғысы келетін нәрсесін алдын ала жоспарлауды үйренеді.
4. Қажет заттарды маңыздылығына қарай бөліңіз
Балалар бүгін бір нәрсені қаласа, ертесі күні басқа бір затты алғысы келуі мүмкін. Сол себепті өзі қалаған заттарын маңыздылығына қарай бірнеше бөлікке бөліңіз. Балаңыздан қай затты қазір алғысы келеді және маңызы қандай екенін, қайсысын кейінірек алуға болатынын сұраңыз. Егер де алатын заты тым қымбат болса, онда ұсақ ақша жинайтын үй кассасына (копилкаға) бірігіп ақша жинауды ұсыныңыз. Нәтижесінде балаңыз жоспарлау мен болашақ саудасын ойластыратын болады.
5. Жақсы оқығаны үшін ақша төлемеңіз
Балаңызға «жақсы баға алсаң 100 теңге беремін», — деп ешқашан айтпаңыз. Мұндай тәсіл оқуды ақша табу көзіне айналдырып жіберуі мүмкін. Яғни ол өзі үшін емес тек баға мен ақша үшін ғана оқитын болады. Оның орнына оқу жылының соңында немесе жарыстан жүлде алғанда «сыйақы» (премия) берсеңіз болады.
Ақпарат көзі: massaget.kz