Жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздарын аудандық білім бөлімінің басшысы Ғайни Нұрсұлтанова марапаттады. Аталған жобаға ел бойынша 11 000-ға жуық жастар қатысқан. Ал Мұғалжар ауданынан қатысқан оқушылардың ішінен оза шапқан төрт оқушы 6 ай бойы өзін-өзі дамытумен айналысып, спортпен шұғылданып, берілген тапсырмаларды толыққанды орындап, кері байланыс орнатып, жобаның қола медальдарына ие болды. Олар: Қандыағаш қалалық #5 ЖББОМ-нің 11-сынып оқушысы Розалия Досқалиева, Ақкемер ЖББОМ-нің 9-сынып оқушылары Қамажай Жарылқағанова мен Асем Қонаева, Сағашилі ЖББОМ-нің 9 сынып Әдемі Айдынғалиева.
«Елбасы медалі» жобасының жеңімпазы Розалия Досқалиева бұл байқаудың алға мақсат қоюға, сол мақсатқа жүйелі түрде жетуге үйретіп, уақытты үнемді пайдалануға үлкен мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар жоба барысында қатысушыларға тәлімгерлер күнделікті тапсырма беріп, оның орындалуын бақылап отырғанын, спорт, кітап оқу, волонтерлық және туристік саяхат сияқты 7 бағыт бойынша өздерін дамытатынын да қуанышпен жеткізді.
Келесі